Азық-түлік дүкені ашылды

Өз ісін ашып, нәпақасын тауып жүрген cәтбаевтық кәсіпкерлер қатары күн санап артып келеді. Жуырда қаламыздағы Тәуелсіздік даңғылы бойынан «Таға» азық-түлік дүкені өз тұтынушыларына есігін айқара ашты.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Асқар Ыдырысов кәсіпкерге қаламыздағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып жатқандығы үшін жұртшылық атынан алғысын білдірсе, қаламыздағы кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Алаш Тұрлыбек халық игілігіне ашылып отырған дүкеннің сәтті жұмыс істеуіне өз ілтипатын білдірді.

Құттықтау сөздерден кейін салтанатты түрде дүкеннің лентасы қиылып, қала басшысы бастап, тұрғындар қоштап дүкеннің ішін аралады. Үш бөлікке бөлінген дүкенде халыққа қажетті өнімдерді қолжетімді бағада табуға мол мүмкіндік бар. Дүкен сөрелерінде халық күнделікті тұтынатын қант-тұздан бастап, көкөніс, жеміс-жидек және тұрмыстық заттар жайнап тұр.

Айта кетейік, жеке кәсіпкер Төлеш Омардың бұл 5-ші дүкені. Жеке кәсіпкердің дүкендеріндегі тауарлары тұтынушыларға нарық бағасынан төмен бағамен ұсынылуда.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.