Бақытын тапқан өнерден

«Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес»-. Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, орыс жазушысы Антон Чехов осылай депті. Расымен де шынайы өнер иесінің талабына таңдай қағып, тамсана қарайтынымыз бар. Содан рухани ләззат алатынымыз да шындық. Ғалымдар мәдениетті адамды тұлға деңгейіне көтеретін бірден-бір құрал дейді. Өйткені, мұнда адамдық парасат, ізгілік пен әдемілік көрініс табады.

Дәл сол көріністі өткен аптада Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орайластырылған ілкімді шарада көрдік. Бұл жолы атаулы күн ерекше айшықталды. Айтулы датаға орай кезінде мысты өлкеде тұтас бір мәдени орта қалыптастырып, білікті кадрлар дайындаған мәдени-ағарту училищесінің ұстаздары мен түлектерінің кездесу кеші ұйымдастырылды. Сан жылдап көріспей, сағынышын әр тараптан арқалап келген студенттер үшін бұл сөзсіз жалынды жүздесуге ұласты. Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен алдымен қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина құттықтады.

– Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік тұрады. Қаламыздың мәдениет саласының қызметкерлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқаруда. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Бүгінгі ерекше мереке күні мәдениет пен өнер саласына еңбегі сіңген аға буын өкілдеріне айтар алғысымыз шексіз. Еліміздің өркендеп-өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыда халықты тамаша өнерлеріңізбен тәнті қылдыңыздар. Мыңдаған дарынды жастардың жолын аштыңыздар. Баршаңызға шығармашылық жолда толағай табыс, еңбектеріңізге бақ-береке тілеймін. Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын, – деп, қала мәдениетін өркендету мен дамыту жолында елеулі үлес қосып жүрген бірқатар мәдениет қызметкерлеріне Құрмет грамотасын тапсырды.

Мұндай марапатқа Оқушылар сарайы би және домбыра үйірмелерінің жетекшілері Жанна Бектұрова мен Күләш Берлібекова, №16 орта мектептің кітапханашысы Аманжан Жүнісова, осы білім ордасының музыка пәні ұстазы Құрманғали Тәшетов, №19 мектептің кітапхана меңгерушісі Венера Рахимжанова, Сәтбаев қалалық орталықтандырылған кітапхана директорының орынбасары Асыл Қойшыбаева, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Әлия Шегебаева, сондай-ақ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Мұқтар Сайдалин, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманова ие болды. Айгүл Қосманқызы Сәтбаев қаласы әкімінің алғыс хатымен мәдени ағарту училищесінің бір топ ұстаздары мен түлектерін марапаттады.

Ресми құттықтау мен марапаттаудан соң, жұртшылық назарына концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұл жолы ән шырқалып, күй күмбірлеген шығармашылық кешті іргелі оқу орны болған училищенің түлектері мен ұстаздары өткізді. Талай өнер өренінің танылуына жағдай жасап, талабын шыңдаған Айнагүл Күлшікенова ұзақ жылдар бойы сол оқу орнында ұстаздық етті. Кеш барысында ол қаланың әнұранына айналған «Сәтбаев вальсі» және «Ауылға барам» әндерін шырқаса, училище түлегі, ҚР Мәдениет қайраткері Байқара Сәдуақасов қобызда күй шертті. Енді бір түлек, бүгінде өнер мектебінің ұлағатты ұстазы Гүлнария Таеваның шәкірттері биден шашу шашса, қазақтың төл өнерін насихаттап келе жатқан Қамбар Урмузов «Әкеге арнау» атты күйін күмбірлетті. Арқаның «Ақбаяны» атанған мәдениет ардагері Зоя Имамбаева ән орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Кеш барысында жылы естеліктер айтылды. Училищені алғаш құрушылардың бірі, білім саласының ардагері Ақжолтай Жанасбаева және ҚР білім беру ісінің қызметкері Азат Құрсабаев жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– 1973 жылы училищені алғаш ашқан кезде №3 мектептің бір бөлмесінен бастаған едік. Ол кезде жағдай біршама қиын болатын. Қызметкерлерімізге пәтер беруде, студент жинауда біршама қиындықтар орын алып жатты. Сонда іргелі оқу орнын құрған жиырма-жиырма бес жас шамасындағы жігіттер мен қыздар еді. Музыкалық аспаптар жетіспеген кезде ұстаздардың өз қаражатымен алдырдық. Білікті мамандар қажет болып, өзім Алматы қаласына барып консерваторияның ұстаздарына ұсыныс жасадым. Сөйтіп, алты айдың ішінде шәкірт жинап, мұғалімдерді баспанамен қамтуға әрекет жасадық. Сол еселі еңбектің нәтижесін бүгін көріп отырсыздар. Қаншама ұстаз бен шәкірттеріміз әлі де ізденіп, талмай еңбек етіп келе жатыр. Жиырма бес жыл ішінде қала, ауыл, аймақ деңгейінде балалар жинап, шеберліктерін шыңдадық. Ширек ғасыр ішінде көп жетістіктерге жеттік. Мұның барлығы елеулі еңбек еткен білім ардагерлерінің арқасы. Барлықтарыңызға шексіз ризалығымды білдіремін, – деп ақтарылды Ақжолтай Алтайқызы.

Мерекелік кеш қатысушы ұстаздар мен түлектердің бірігіп орындаған «Туған жер» әнімен түйінделді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.