Жұмысы қауырт жедел криминалистер

Қылмысты ашу, күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажырату, нақты дәлелдермен заңсыздықтың толық механизмін жасап шығару – жедел криминалистика қызметкерлерінің еншісіндегі міндеттер. Бұл сала тек еңбекқорлықты ғана емес, асқан біліктілік пен табандылықты да талап етеді. Жауапкершілігі мол қызметтің бүгінгі жай-күйі туралы қаламыздағы Полиция бөлімінің жедел криминалистика тобының аға криминалисі, полиция капитаны Дастан Мағзұмов айтып берген еді.

– Әңгімемізді жедел криминалистерге жүктелген басты міндеттерден бастасақ.

– Криминалистердің жұмысы сан салалы және өте күрделі. Қылмыс орнына жедел іздестіру тобының құрамында алғашқылардың бірі болып жетеміз. Қылмыс орнын анықтауда жұмыстар кейде аптаға созылып жатады. Себебі, әрбір айғақты мұқият зерттеп, сапалы жүргізу істі нәтижелі етеді. Мәселен, мамыр айында тонау-зорлау фактісі бойынша орын алған төрт қылмыстық іс бойынша «Образ++» автоматтандырылған ақпараттық іздеу жүйесі арқылы жүргізген тексеру нәтижесінде А.Қ. деген күдікті анықталып, қамауға алынды. Біз дактилоскопиялық, трасологиялық, баллистикалық, одорологиялық, құжаттарға техникалық зерттеу жүргізу бойынша жұмыс жасаймыз. Криминалист мамандығына адамдар кездейсоқ келмейді. Қазір озық технологиялар заманы. Сондықтан, бұл сала әр қызметкерден білімін жетілдіріп, үнемі ізденісте болуды талап етеді. Арамызда біліктілігі мол, тәжірибелі мамандар көп. Олардың қатарында полиция мойоры Қайрат Ахметов, аға лейтенанттар Руслан Қыстаубаев, Мәди Әлменбаев бар.

– Қылмысты ашу, қылмыскерлерді жедел анықтау оңай шаруа емес. Осы орайда жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталып өтсеңіз.

– Есепті кезең ішінде тіркелген қылмыстар бойынша 427 қылмыстық оқиға орны қаралып, 20 пайызға жуығы ашылды. Аталған кезең ішінде зерттеу өндірісі және криминалистік есеп бойынша тексеру нәтижелерінің көрсеткішінің өскендігі байқалады. Алынатын іздердің саны мен көлемі ұлғайды. Қол, трасологиялық, иіс іздерін алу біршама жоғарылады. Жедел қызметтердің тапсырмасымен криминалистік есептер бойынша тексеруде оң нәтиже анықталды.

– Криминалист маманның бойында қандай қасиеттер болуы қажет?

– Айрықша қасиеттерді талап етеді. Зерттеу объектісін жылдар бойына ашуға шыдамы мен төзімі жеткілікті, ғылымның әр саласынан жан-жақты хабардар, әрі жоғары кәсіби маман болуы тиіс.

– Жұмыс барысында заманауи технологияларды қолданасыздар ма?

– Криминалдық қызметтер базасының жаңғыртылуының арқасында автоматтандырылған жүйелер көмегімен фотосуреттер мен аяқ, қол іздері арқылы тұлғаны анықтай аламыз. «Папилон» дактилоскопиялық жүйесі ашылмаған қылмыс орнынан алынған қол іздері мен дактилоскопиялық картасының мәліметтер базасын жасауға, сақтауға және өндірісте қолдануға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама базасындағы «Портреттік анықтама» қылмыстық іздеудегі азаматтардың фотобейнелерін тіркеуге алады. Аталған жүйе фотобейнелердің салыстырмалы зерттеуін жүргізуге де мол мүмкіндік береді. Дәл осы бағдарламаның ұзақ уақыт анықталмаған мүрденің тұлғасын анықтауға көмегі зор. Ал, қылмыс орнындағы аяқ киім іздерінің, көлік іздерінің, бұзу құралдары іздерінің топтамасы «Трасология» бағдарламасының базасына тіркеледі.

– Оқиға орнын қараудың сапасын жақсарту үшін жас мамандарды үйрету, оқыту ісіне қаншалықты көңіл бөлесіздер?

– Айғақ заттарды толық алу – оқиға орнын қараудың сапасын арттырудың басты алғышарты болып саналады. Бұл жөнінде тәжірибелі криминалистеріміз жас мамандарға ақыл-кеңес береді.

Арнайы методикалық нұсқаулықтар, жедел криминалистерді оқыту арқылы жас маман криминалистерді оқыту үздіксіз жүргізілуде.  Оқыту барысында оқиға орнынан іздерді табу және оны алу әдістемесі үйретіледі. Арнайы семинар-кеңесте тәжірибелі криминалистер дәріс жүргізіп, заман талабына сай жаңа құрылғылармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілімен таныстырады. Бұл бағыттағы жұмыстарды әрдайым бақы­лауда ұстап келеміз. Сондай-ақ, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.