Екі жақты келісім

Апта басында қала басшысы Б.Шыңғысов пен 16 дәріхана иелері арасында дәрілік заттарға бағаны тежеуге, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне келісілген бағада дәрі-дәрмек сату, дәрілік заттармен қала халқын үздіксіз қамтамасыз етуге байланысты екі жақты келісімге келу отырысы өтті.

Отырысты қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жүргізді. Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің бас маманы Бейнекүл Бөпешеваның қатысуымен өткен екі жақты қол қою рәсімінде бұл игі шараның жылда жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау тауып келе жатқандығы сөз болды.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында әлемдік дағдарысқа ұрынбас үшін қолда бардың қадірін біліп, ұқсата білуді қатаң тапсырды. Осы мақсатта қаламыздың тұрғындарын дәрілік заттармен қамтамасыз ету – басты міндет. Осы міндетті атқару жолында жергілікті билік жеке кәсіпкерлермен тығыз қатынаста жұмыс жасап, келісілген бағада біздің сұранысымызды қанағаттандырып келеді. Осы игілікті істері үшін жеке кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз,– деді қала әкімінің орынбасары.

Меморандумға қол қойған «Шарапат», «Елена», «Фармакон», «Виола», «Астра», «Надежда», «Асхат», «Диян», «Панацея», «Миллениум» дәріханаларында келісілген бағада сатылатын дәрілердің тізімі бар.

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан кем де кем, соның ішінде әлеуметтік жағынан көмек қажет ететін азаматтарға көмек беріп отырған жеке кәсіпкерлерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.