Мемлекеттік тілді оқыту жолдары

Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тілі. Мемлекетіміздің кез келген оқу орнында қазақ тілі ана тілі және мемлекеттік тіл ретінде оқытылады. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқыту әдістері ана тілін оқытудан өзгеше. Ол өзге тіл есебінде жүргізіледі.

Орыс тілдегі мектептегі қазақ тілі пәнінің мақсаты оқушылардың қарым-қатынас біліктілігін, яғни тілдік және танымдық біліктілікпен қамтамасыз ету екендігі Қазақстан Республикасының жалпы білім берудің мемлекеттік стандартында көрсетілген. Қазақ тілі – оқушыға ертеңгі күні үлкен өмірге араласқанда оның қоғамдағы қызметіне көмегін тигізетін, жұмысында, күнделікті өмірінде қажетіне жарайтындай білім бере алатын аса білікті пәндердің бірі. Осы үлкен міндетті жүзеге асыру мектептің, оқытушылардың қызметіне тікелей байланысты және мемлекеттік тілдің қолданылу аясына, қабылданған заңдардың сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындалуына да байланысты.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, қоғамның өзге өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас жасау, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешуге міндеттіміз. Тілдерді жетік меңгеру ғылым мен техниканың жетістіктерін меңгеруге, отандық және әлемдік мәдениетті үйренуге кең жол ашады. Мемлекеттік және қоғамдық өмірдің ұлтаралық, байланыстығына, халықтар достығын нығайтуға, қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси бірлігіне әсері зор. Қазіргі таңда қойылған міндеттердің орындалуы мемлекеттік тілді үйретуді ары қарай дамытуды талап етеді.
Мемлекеттік тілді үйренуде жақсы жетістіктерге жету үшін мұғалім қазіргі таңдағы ғылым негіздерімен қарулануы керек, екіншіден, сапасы, мазмұнды бағдарлама мен оқулықтар қажет. Қазақ тілін үйренуге деген оқушылардың ықыласын, қызығушылығын арттыруда түрлі көрнекіліктерді пайдалану, әсіресе, магнит таспасы, фонохрестоматиялар, оқытудың бірнеше формаларын пайдалану, оқытушының сабақ өтудегі шығармашылық әдіс-тәсілдерінің үлкен мәні бар. Орыс, қазақ аудиторияларында сабақ беретін оқытушы, ең алдымен, екі тілді – қазақ, орыс тілдерінің грамматикалық құрылысын, лексикалық дыбыстық жүйесінің айырмашылығын, ұқсастығын, әсерін жақсы білуі тиіс. Мұндай ерекшеліктерді білмей тұрып сабақ беру өте қиынға түседі.
Біріншіден, оқушы алғашқы сабақтарынан бастап түсініп оқитын болу керек. Түсініп оқу дегеніміз баланың оқыған әрбір сөзін белгілі затпен байланыстыра алуы, оқығанына мағына бере білуі, оқыған сөздерінің бір-бірімен байланысын және өзара қатынасын түсіне білуі, сондай-ақ шағын мәтіндерді өз деңгейлеріне сай құрастыра білуі, осы әрекеттердің барлығы жүзеге асқан жағдайда ғана оқушының қазақ тіліне деген қызығушылығы ояна түседі
Оқытудың жаңа технологияларын енгізу білім беруді ақпараттандыру, дамыту міндеттерін көздейді. Болашақ маман иелерінің бойына білімділік, біліктілік, саналылық, жауапкершілік қасиеттерін сіңіруде, яғни кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда жаңа технологияны қолданудың ролі зор. Сонымен қатар технологияны тиімді пайдалана білу оқытушының шеберлігі мен іскерлігін және кәсіби құзыреттілігін шыңдауға әсерін тигізеді.
Қазіргі таңда жеткіншек ұрпақ – мектеп оқушыларына білім беруге ерекше көңіл бөлінгендігі белгілі. «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім керек» деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, халқымызды кемеліне келтіру үшін жастарымызды білімді, мәдениетті, Отанын, тілін шексіз сүйетіндей етіп дайындауға әрбір ұстаз міндетті.
Қазақ тілі сабағында компьютерді қолдану мәтіндер мен ақпаратты білуге жол ашады. Тіпті нашар оқитын оқушылардың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығады, өйткені, кейбір жағдайларда компьютер білмеген жерін көрсетіп, көмекке келеді. Оқушылар интеллектуалдық, шығармашылық және коммуникативтік істерін дамыта алады, оқушының оқу белсенділігі артады, сабақтың негізгі кезеңдерінің бәрінде оқушыларға шығармашылық жұмысты ұсынуға болады. Мұндай технологияларды қолдануда бірінші оқытушы ұтады, яғни ол сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, оқушының пәнге деген қызығушылығы артады, екінші оқушы ұтады, себебі, оның тақырып бойынша танымы кеңейеді. Осылайша білім берудің қалыптасқан әдістемесіне оқытудың жаңа технологиясы тұрғысынан өзгерістер енгізілсе, білім сапасы да арта түспек деп ойлаймын.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95% қазақ тілін білуге тиіс деген міндет қойды. Қазір заман ағымына қарай білімнің күші бағаланып, оқу ағартудың, оның ішінде, білімді адамның беделі өсіп келеді. Ал оқу ағарту жүйесі – ұлттық мәдениет, ұлттық сананың рухани даму көрсеткіші. Сондықтан қазір бұл саланың алдында дамудың ұлттық үлгісін (моделін) жасау міндеті тұр.

Дидар Базылбекова,
Абай атындағы №4 мектеп-лицейінің қазақ тілі мұғалімі.

Комментарии закрыты.