Рухани құндылықтар және ұрпақ тәрбиесі

Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білімі мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік.

Сондықтан, оқушыларды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, болашағына жол сілтеу – кезек күттірмес мәселе. Негізгі міндет – балалардың жақсы әдет, мінез-құлқын қалыптастыру. Рухани-адамгершілік тұрғыда білім беру – жас ұрпақтың бойына өмірдің мәні, сүйіспеншілік, бақыт, сыйластық, татулық, бірлік, төзімділік сынды құндылықтарды дарыту арқылы адамның қоғамда өз орнын табуына, қабілет-дарынының ашыла түсуіне, ақыл-парасатын дамытуына, яғни сәнді де мәнді өмір сүруіне қызмет етеді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бала тәрбиелеудегі осындай міндеттерді іске асырушылар – білім беру мекемелері мен отбасы. Осы екі арнада жүргізілетін тәлім-тәрбие сабақтаса, ұштаса өткізілгенде ғана көздеген мақсат нәтижелі болары сөзсіз. Бүгінгі жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру – отбасының, мектептің, барша халықтың міндеті. Адамгершілік тәрбиенің, адам бойында осы жақсы қасиеттердің болуы, жанұяға, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу – ата-ана мен оқытушыға жүктелер міндет.
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі» – деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туғанынан басталуы керек. «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші рөл атқарады. Осы мақсатта мектебімізде балалардың адамгершілік сана-сезімін оятып, жағымды мінез-құлқын қалыптастыруда «Мен Отанымды сүйемін», «Сабырлық пен ұстамдылық», «Ойнайық та, ойлайық!» ойын-сабақтарын өткізсек, «Достық түбі – адалдық», «Әдептілік – тәрбие бастауы» атты тәрбие сағаттарында баланы инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелеуді мақсат ете отырып, сәлемдесудің маңыздылығын ұғындырамыз. Сондай-ақ, халқымыздың қонақжайлылығын насихаттай отырып, қазақ елінің салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары, киімдерінің ерекшеліктері бар екендігін оқушыларға түсіндірудеміз. Мұның бәрі адамгершілікке бағытталады. Еліміздің болашағы – балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда. Ұрпақтарымыз ұлағатты болсын десек, «ұлы сөзден – ұлағат» екенін ұғындыра білуіміз керек. Сонда ғана «ұлтым» деп мақтанатын болашақта тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналатын ұрпақ болатыны сөзсіз.

Р.Есімсейтова,
№5 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі.

Комментарии закрыты.