Келелі кездесу

Сәтбаев, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданына арнайы іс-сапармен келген Қарағанды облысы Дін істері басқармасының облыстық ақпараттық-насихат тобы мүшелерінің бір бөлігі қаламыздағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде болып, онда білім бөлімі, «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінің қызметкерлерімен кездесіп, «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» мақалаларының төңірегінде келелі әңгіме қозғады.

Қарағанды облыстық ақпараттық- насихат тобының мүшесі, «Рухани жаңғыру» офисінің мүшесі Бақытқали Мұсабеков қазақ елінің әлемге танылып жатқандығын, рухани бағытта өзінің кітабы шыққанын және сол кітабында қандай бағыттар жазылғанын кездесуге келгендерге жан-жақты түсіндірді. Адамдық қасиетке тоқталған мейман ұят пен арды бірінші орынға қою керектігін атап өтті.

«Жалпы, жаңа мақала бүгінгі жаһандану жағдайында ел бірлігін сақтау барысында халықтың ғасырлар бойы жинақталған бай тарихын танып, әлі ашылмаған қырларын зерттеуге шақырады. Егер ұлт рухани және материалдық дүниетанымдарын меңгермесе, ол бірегейлігінен айрылады. Сондықтан, бұл мақала біртұтас халық болып қалыптасудың маңызды механизмі саналады. «Ұлы даланың жеті қыры» – ұлтымыздың рухани мұрасын әлемге танытатын жоба.

Жаһандану заманында ұлтты біріктіру, ұлтымыздың жойылып кетпеуі үшін әрекет жасап жатырмыз», деген Қарағанды облысы ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қарағанды Мемлекеттік Техникалық университетінің оқытушысы, Еуразиялық Ұлттық универсиетінің докторанты Жарқын Түсіпбеков аталмыш кездесу аясында Ұлытау ауданына қарасты Жезді, Қарсақбай кентінің тұрғындарымен кездескендіктерін тілге тиек етті. Қонақтар кездесу барысында ҚР қылмыстық кодекстің 256 және 174 бабы бойынша әлеуметтік желі арқылы шындыққа жанаспайтын ақпараттарды таратқан жағдайда заң алдында жауап беретіндіктері, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатыны жайында да мол ақпарат беріп өтті.

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.