Сақшылар салтанат төрінде

28 маусым – құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын атаулы күн – Сәтбаев қаласында ерекше аталып өтті. Жауапты қызметтің басы-қасында жүрген ардагерлер мен майталман маман иелеріне алғыс білдіріліп, құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиын қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан Қарағанды облысының ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғын қоюдан басталды. Ерлер рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды. ҚР мемлекеттік туы ортаға әкелініп, әнұран шырқалғаннан кейін сөз алған Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асхат Дүйсембеков қастерлі мерекенің егемендік ұстанымын биікке көтеретіндігін айтып, жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған ардагерлер мен қатарда еңбек етіп жүргендерге алғыс білдірді.

– Ел жетістігінде полиция қызметкерлерінің алар орны ерекше. Елбасының сындарлы саясатын іске асырып, қоғамның жаңару үрдісіне белсенді атсалысудасыздар. Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Сіздерге қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттер жүктелді. Қазақстандық полиция құрылған күннен бастап қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойылған міндеттерді табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске біздің ұжым елеулі үлес қосуда. Жоғары кәсіби шеберлік пен өз істеріңізге деген адалдықтан таймаңыздар. Жұмыстың қиын, тіпті кей жағдайларда аса қауіпті екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да мемлекет, жергілікті билік органдары материалдық-техникалық базаны жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Бұл мақсатқа жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан, сіздердің тараптарыңыздан тиісті еңбек пен лайықты жауап күтіледі. Жұмыс нәтижесі, қоғамдағы абырой-бедел осыған байланысты болмақ, – дей келе, Полиция департаментінің Құрмет грамотасын Д.Мағзиев, Е,Әбдірахманов, Қ.Оразалиевке табыс етті. Шекті жасқа жетуіне байланысты зейнеткерлікке шыққан полиция майоры Г.Тілемісоваға да ерекше сый-сияпат жасалды.

Рухани құндылықтарды арттырып, азаматтардың құқығы мен бостандығын, заңды мүддесін қамтамасыз етуге үлесін қосқан Т.Дүйсенбаев, Т.Тарыбаев, Б.Қыстаубаев, М.Әлменбаев, Ж.Жақсылықов, Е.Жұмағалиев «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының Алғыс хатына ие болса, қоғамдық тәртіпті қорғап, қылмыспен күресіп, оның алдын алудағы еңбегі үшін Ш.Мұхамеджанова, Ә.Құлашов, М.Бекова, Ә.Серік, З.Салихова қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алдыңғы буын мен жас мамандар арасындағы сабақтастықты нығайтып, берекелі ете түсу мақсатында аталмыш салада ұзақ жыл тер төккен ардагерлер ардақталған салтанатта Полиция бөлімі бастығының Құрмет грамотасына бір топ қызметкер ие болып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.