Насихат жұмыстары басталды

Елбасының 1996 жылдан бастау алған кезекті Жолдауы жарияланып, оны халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында арнайы топтар құрылды.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева жетекшілік ететін үгіт- насихат тобы өткен жұмада Ы.Алтынсарин атындағы №19 орта мектепте бұл жұмысты бастап та кетті.

Топ мүшелері – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Т.Қапарова мен 15 орта мектептің директоры А.Тлемісова мектеп ұжымымен кездесіп, маңызды құжат төңірегінде ойларымен бөлісті.

А.Тлемісова Жолдауға жалпы шолу жасай келе, жетінші бағытқа кеңінен тоқталды.

– Бұл тек үгіт-насихат топтарының ғана емес, әрбір мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Оқушылар арасында Жолдауды талдап, әр қайсына түсінікті тілде жеткізіп отыру керек, – деп қорытты сөзін Аманкүл Төлебайқызы.

Т.Қапарова Жолдаудың бірінші және екінші бағыттарын нақты дәлелдермен байланыстыра отырып, қаламызда «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша қол жеткен нәтижелерге жеке-жеке тоқталды.

Өткен жылы 56 адам қайта даярлаудан өткізіліп, оның 44-і тұрақты жұмысқа орнал астырылды. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбастарынан 5 адам медициналық колледжді бітіріп шыққан. Баяндамашы биылғы жылы 70 адамды қайта оқыту және жұмыссыздарды уақытша да болса әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу жоспарланып отырғандығын айтты.

Талиға Ғабдолқызы тыңдаушылардың назарын жинақтаушы зейнетақы қорларына жауапкершілікпен қарауға аударды. Әсіресе жастарды қазірден бастап зейнетақы аударылымдарының мезгілінде тү сіп тұруын, дұрыс есептелуін қадағалауды сұрады.

Кездесу соңында мектеп басшысының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Б.Шукенова үгітшілерге маңызды әңгімелері үшін алғысын білдірді.

Майра СМАҒҰЛҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.