Әдеби сазды кеш

Сәтбаев қаласында 2014 жылдан бері «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің мұрындық болуымен қалалық мәдени-сауық орталығының жанынан «Аймақтық ұлттық өнер орталығы» өз жұмысын бастаған болатын. Аталмыш орталықта бірнеше үйірме жұмыс жасайды. Сондай үйірмелердің бірі – «Жас ақындар» үйірмесі – өздерінің жұмыс жоспарына сай маусым айының 21 жұлдызында қаламыздағы «Мәңгілік ел» көшесінің бойында орналасқан ақындар аллеясында әдеби сазды кеш ұйымдастырды.

Жас ақындардың бастамасына қолдау көрсетуге қаламыздың ақындары Мұса Тілеуов, Мағзұм Қожахметов, сонымен қатар Гүлмира Өтеміс, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Мадинат Балтина қатысып, авторлық өлеңдерін оқып, ақжарма тілектерін де білдірді.Үйірме мүшелері Асыл Әбжанова, Жұлдыз Базылова, Қымбат Қомытова, Жалғас Қаржаубаев сынды жас ақындар жырдан шашу шашса, талантты жас әнші Дәуітбек Дәнекеев әуелете ән салды. Атап өтейік, «Жас ақындар» үйірмесінің мүшелері бүгінгі таңда қалалық, облыстық, республикалық жыр мүшәйраларында жеңімпаз атанып, қала намысын қорғап жүр.

Үйірмеге алғашқы жылдары ақын Ғалил Жанібеков жетекшілік етіп 80-ге жуық жас ақынға дәріс берсе, кейіннен ақынның шәкірті Ардақ Тойлыбайдың жетекшілігімен 15 бала білім алып, 7-еуі үйірмеден түлеп ұшқан. Бүгінгі күні ақындар үйірмесіне белгілі ақын, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы, «Мағжан көктемі» ІІІ республикалық өнер фестивалінің лауреаты Дәуренбек Бұланбаев жетекшілік етуде. 2014 жылдан бастап бүгінгі таңға дейін жалпы саны 100-ден аса жас ақындар осы аталған үйірмеден дәріс алып, ақындық өнерлерін шыңдаған. Үйірме мақсаты – әрбір оқушыға ақындық талабына сай суырып салмалық және жазба өлеңдеріне қарай дұрыс бағыт беру, қазақ халқына тән ақындар айтысын жандандыру, айтыс арқылы тіліміз бен ұлттық тәрбиемізді, дінімізді дамытуға талпындыру.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Cуреттер автордікі.

Комментарии закрыты.