ЕРЕН ТҰЛҒА

Жер қойнауының сиқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс. Ол аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының әйгілі табиғат зерттеушісі, әлемдік өреге көтерілген ойшыл ғұлама. Қаныш Имантайұлы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Қазақстанның индустриялық даму жолындағы өркениетті үрдістің көш басында болып, кемеңгер ғалым атанды.

Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Баянауыл өңіріндегі Ақбеттау бауырында дүниеге келгені белгілі. Шын есімі — Ғабдулғани екен. Алайда, қазақтың асыл азаматы өмірінің барлық саналы кезеңін Жезқазғанның игілігіне арнады. Томск технология институтын бітірген 1926 жылдан 1941 жылға дейін Ұлытау-Қарсақбай қойнауын шарлап, қазыналы өңірдің байлығын ел кәдесіне жарату жолында орасан зор еңбек сіңірді. Бүгінгі алып кеніштер мен зауыттар, дәулетіне сәулеті келіскен Жезқазған шаһары Қаныш ағаның орындалған асыл арманының жемісі. Бұл жөнінде талай жазушылар мен өлкетанушылар том-том кітап жазғаны белгілі. Ақындар жыр толғауына арқау етті. Дегенмен, әр қаламгердің өзіне тән айтар ойы, қисынды сөз саптасы болса керек. Сондықтан, ұлы адам туралы ой толғау жалғаса бермек. Қаныш Сәтбаев 1928 жылы Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы және «Атбастүстіметалл» тресінің бас геологы болған кездің өзінде-ақ Жезқазғанның таңғажайып зор болашағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасаған болатын. «Қарсақбай — Үлкен Жезқазғанға апаратын сара жолдың алғашқы баспалдағы ғана, ал, Жезқазған – Ұлытау өңірі кешікпей-ақ Сарыарқа төсіндегі беделді индустриялы өлкеге айналады», – деген еді көреген ғалым. Айтса айтқандайын, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты болды. Ол кезеңде бұл жердің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымын Одақ ғалымдары алдында дәйектілікпен дәлелдей білді. Үлкен Жезқазған құрылысын бастауға, оны ұлғайтуға қарсы болғандардың бірі — Түстіметаллдар бас басқармасы басты себеп ретінде Жезқазғанды одақтық көлемдегі күретамырлармен байланыстыратын теміржолдың жоқтығын алға тартқан болатын. Бірақ, жол қатынастары Халық комиссариатының 1931 жылғы  «Үлкен Жезқазған құрылысы үшін ең тиімді жоба оны салынып жатқан Қарағанды — Балқаш теміржолына қосу» деген техникалық-экономикалық сараптамасын алға тартып Қаныш Сәтбаев алған бетінен қайтпайды. Қаныш Имантайұлының 1934 жылы желтоқсанда КСРО Ауыр өнеркәсіп комиссары С.Орджоникидзенің қабылдауында болып, Жезқазған туралы ақиқатқа көзін жеткізуі де бір үлкен әңгіме. Осыдан соң «тоң жібіп», Нілді — Жезқазған теміржол құрылысына қаржы қаралады, 1936 жылы 25 наурызда «Жезқазған мыс қорыту комбинатының құрылысы туралы» бұйрыққа қол қойылды.
Жезқазғанның бола­шағын дәлелдеу жолында талмай күрескен Қанекең бастаған геологтар кен орнындағы мыстың қорын 1935 жылы 3 млн.тонна деп анықтаса, бұл көрсеткіштің 1938 жылы 4 млн.тоннадан асып кеткендігі жөнінде қорытындылар жасалды. Сөйтіп шалғайдағы Жезқазған мыс қорының көлемі жағынан Кеңестер одағы бойынша бірінші орынға, ал дүниежүзінде төртінші орынға шыққан соң оны мойындамасқа амал қалмады. Ақыры 1938 жылдың 10 ақпанында Ауыр өнеркәсіп Халық комиссариатының жаңа бұйрығымен Жезқазған комбинатының бірінші кезегін 1941 жылдың басында іске қосу міндеттелсе, жалпы комбинат құрылысы 1943 жылы аяқталуға тиіс болды. Еліміздегі түсті металлургияның алыбы атанған Жезқазған өндірісті аймағының құрылысы Қанекеңнің шапағаты арқа­сында осылай басталған еді.
Бүгінгі Жезқазған қала­сының іргесі 1936 жылы 3 мың халқы бар Кеңгір елді мекенінің орнында тұрғы­зылған. Олай аталуы Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерінің қосылып Кеңгірге айналатын төменгі ағысының осы жерден өтуіне байланысты. Әйтпесе, ертеде Бекболат ауылы жайлайтын бұл жер Наушабай деп аталған көрінеді. Кенді өңірдің кемел келешегін қапысыз болжаған Қаныш Имантайұлы отызыншы жылдардың басында-ақ бұл жерде үлкен өндірісті қала болатындығын білген ғой. Ол сол арманына жету үшін өндіріс көлемі жөніндегі деректерін талмай сараптап, тынымсыз еңбек етті. Сөйтіп болашақ қала 1941 жылы Үлкен Жезқазған кенті деп аталды. Кеңгірдің сағасы бөгеліп, айдынды су қоймасы салынды. Ақыры көптен күткен күн де жетті. Жас қала қарыштап өсіп, қанаттанып жайнай түсті. Қала мәртебесін алған 1954 жылы 30 мың тұрғыны болса, Жезқазғанда қазір 90 мың адам тұрады.  Сөйтіп «бұл жерде қала болады», — деген Қаныш Имантайұлының арманы өмір шындығына айналды. Оның көшесінде ғұлама ғалымның жарқын ізі сайрап жатыр. «Жезқазған — Қазақстанның інжу-маржаны» деген теңеу де кезінде Қаныш Сәтбаевтың аузынан шыққан екен. Оның шындығында да солай екеніне бүгінде ешкім таласа алмайды. Асыл аға арманының жүзеге асуы да осы болса керек.
Қаныш Сәтбаев кен байлығын іздеумен қатар, Ұлытау қойнауының қабат-қабат тарихына да үңіліп, көнеден жеткен шежіре сырын бір кісідей зерделей білген. «Алтын шоқыдағы» Ақсақ Темірдің тасқа қашап жазған жазуын алғаш тауып, ғылыми айналымға енгізген. Өңір тарихын зерттеп жазған еңбектері де мол. Жаяу Мұса ақын Қаныштың нағашысы екен. Соның әсері тиген болар, Қаныш аға ән-жырға жақын. Өзінің де біршама ән салатыны бар. Қазақтың ұмыт бола жаздаған көптеген халық әндерін жинақтап, А.Затаевичтың қоржынына ілігуіне себепкер болған. Айтулы ғалым Ғылым академиясында жүргенінде Астананы Ақмолаға ауыстырудың қолайлығы туралы зерттеп, геологиялық және саяси жағынан оң негіздеме бергенін енді біліп жатырмыз. Мол мұрасына үңілген сайын түйер ой да осылайша түйдектеле бермек.
Қаныш аға қазығын қаққан қала халқы әсілінде, ұлы ғалымның ұлағатын ешқашан ұмытпасы анық. Қаланың бас қақпасынан кірген бетте Жезқазғанмен бірге жасап келе жатқан алғашқы даңғылдардың бірі ретінде Сәтбаев көшесі көзге түседі. Абзал ағаның ізі жатқандай қашанда ыстық көрінеді. Көше бастауындағы асыл азаматтың 100 жылдық мерейтойы кезінде жасалып, орнатылған ескерткіші де еңселі. Ол жер бүгінде Сәтбаев алаңы аталады. Есімін еншілеген мектеп-лицей бар. Білім ұясы ұдайы ұлағатты шаралардың ұйытқысы бола білуде. «Қазақмыс» қамқорлығындағы Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музей жәдігерлері де қазақтың айтулы ғалымы мен оның кенді өңірге сіңірген орасан зор еңбегі туралы сыр шертеді. Іргедегі қанаттас қала Сәтбаев та мейірлене қол бұлғап, қатарлас дамуда. Өркенді істерімен ғұлама ғалымның асыл мұраттарын жүзеге асырып жүрген қажырлы кеншілердің құтты мекеніне айналғанын айғақтауда. Осының бәрін көрген сайын еске Қаныш ағаның басты аманаты түседі.
«Уа, Жезқазған халқы! Ескі достар, қимастарым менің! Осы жердің астындағы мол қазынаға кейбіреулер мұрнын шүйіріп, барлауды тоқтатып тастайтын қиын күндер естеріңде ме? Не деп едім мен сонда? Әне, сол қала! Үлкен Жезқазған атанып, жер астындағы қазынасы жария болып, сән-салтанатымен бой түзеп, көз алдарыңда жатыр. Кені—анау, қаласы—мынау! Ағайын, баршаңа өтінішім, ел байлығын көздің қарашығындай сақтап, қадірлеп ұстаңдар! Жезқазғанның қазынасы мол болғанмен, шексіз емес… Ал, ол құрметтей білсең, талай ұрпағыңды жарылқар мол дүние». Бұл — халқымыздың біртуар перзентінің өз арманынан туған қалаға 1962  жылы келіп, қоштасып  бара жатқанда айтқан сөзі екен.
Марс пен Юпитер ара­лығындағы астероид белдеуінде Күнді айналып қозғалатын ғаламшарға 1979 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың есімі берілді. Аспан төріндегі бір ғаламшар Қаныш болып жарқырап тұр. Ол қазақтың мәңгі сөнбес жарық жұлдызы. Ал, ұлы адамның Жезқазған туралы айтқан аманаты болса, өңір тұрғындарының жүрегінен осы жарық жұлдыздай ешқашан өшпесе екен!

Айкүнім Алтанбаева,
№1 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии закрыты.