Екпінді электрослесарь

Шығыс Сары-Оба кенішінің өндіру учаскесіндегі екпінділер қатарында төртінші разрядты электрослесарь-монтаждаушы Ерлан Жұманов бар.

Ол өзінің кәсіби тәжірибесін қайнаған еңбектің ортасында жүріп жинады. Ең үлкен қасиеттерінің бірі – өз міндетін терең сезінеді және мойнына үлкен жауапкершілік жүгін алудан ешқашан қашпайды.
Жезқазған политехникалық университетін шахта және жерасты құрылысы инженері мамандығы бойынша тәмамдаған Ерлан Өмірзақұлының өндірістегі жалпы еңбек өтілі он үш жылды құрайды. Ол жасынан алғыр болып өскен, қазақтың есті азаматтарының бірі. Спорттан шет қалмады. Ауыр жұмыста жүрсе де сол әдетінен жаңылған жоқ. Еңбек ұжымдары арасында өтетін спорттық-мәдени шараларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.

Ол өндіріске кездейсоқ келмеген. Әкесі Өмірзақ Жұманов Жезқазған байыту фабрикасында ұзақ жылдар вагон аударушы ретінде тер төкті. Еңбек ардагері атанып, әнебір жылы тіпті «Қазақмыс» корпорациясы басшыларының қолынан «Нива» автокөлігін сыйға алды. Бүгінде өз ісін еркін меңгерген Ерланның марқұм әкесінің ізін лайықты жалғап, табысты тасқындатуға үлес қосып жатқан жайы бар. Жастардың біліктілігін үштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық таныта жүреді. Білгенін, көрген-түйгенін үйретіп жүрген шәкірттері жетерлік. Олардың жұмысқа деген ынтасы, ұйымшылдығы, береке-бірлігі ерекше.

– Технологиялық процесс барысында ай сайынғы жұмыс жоспары барынша жүзеге асырылуда. Жоспарды орындамаған күніміз жоқ. Оған біздің де қосқан үлесіміз зор. Бұл жағынан қиындықтар туындаған емес. Басты міндетіміз – жұмыстың тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету, энергиялық ақауларды болдырмау, апаттың алдын алу, электр жабдықтарының тұрып қалуына жол бермеу. Тиісті технологиялық регламенттер жөнімен атқарылса, жұмыс ойдағыдай жүзеге асырылады. Өйткені, өндірістегі барлық жұмыс бірінші біздің цехтан бастау алады, – дей келе, қауіпсіздік техникасының басты назарда екендігін атап өтті. Бұл тұрғыда ақпараттандыруға айрықша назар аударылады. Түрлі деңгейде шаралар, тренингтер, бір реттік оқытулар, семинарлар тұрақты өткізіледі екен. Осының нәтижесінде биыл жазатайым оқиғаға жол берілмепті.

Еңбек ұжымында түрлі ұлт өкілдері ұйысып еңбек етуде. Электриктер мен монтаждаушылар құрамының кәсіби шеберлігін жетілдіру, жөндеу және пайдалану жұмыстарының озық тәсілдерін кеңінен насихаттау, электр энергиясын тарату жұмыстарының мәдени деңгейі мен қауіпсіздігін арттыру бағытындағы түрлі кәсіби байқаулар шеберліктерін шыңдай түсуде. Осы ретте учаске бастығы Жанғазы Абуиирдің жастарды ынталандыру, еңбекке баулу бағытында атқарып жатқан көңіл көншітерлік жұмысы туралы да атап айтты Ерлан.

– Бүгінде кеніш әкімшілігі әлеуметтік жағдайымызға баса назар аударуда. Отбасымызбен демалыс орындарына барып қайтуымызға толық жағдай жасалған. Көрсетілген басқа да әлеуметтік көмектерге разымыз. Кәсіпорынның қызметін жақсарту, жұмысқа жаңадан қабылданғандарды мамандығына бейімдеу, олардың бойында кәсіби машықты қалыптастыру мақсатында тәлімгерлік жүйесі жақсы жолға қойылған. Бүгінде талай маманға жол сілтеген Болат Бұланбаев, Әділет Мырзабаев, Ерлан Ниязов, Андрей Царук секілді жігіттер топ жарып жүр, – деген ол мақтау мен марапаттан кенде еместігін жеткізді. Бірнеше рет Жастар одағының, кәсіподақтың Алғыс хат, Құрмет грамотасын иеленді. Мұндай құрметке жоғарғы табысқа жеткен адам ғана лайықты болса керек.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.