Карточкамен төлегендерге мемлекет бонус бермек

2021 жылдан бастап елімізде қолма-қол ақшасыз есеп айырысқаны үшін азаматтарға мемлекет тарапынан бонус төленуі мүмкін. Қазіргі таңда тиісті министрлік оны жүзеге асыру тетіктерін банктермен бірлесіп қарастырып жатыр. Бұл туралы Forbes.kz хабарлайды.

– Карточка арқылы жасалған қолма-қол ақшасыз қаржы айналымына бонус төлеу жағын қазір банктермен бірлесіп қарастырудамыз. Бұл бонус мемлекет тарапынан төленеді, – деді Forbes.kz сұрағына жауап берген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Министрдің айтуынша, мемлекет есебінен берілетін бонус көлемі карточкамен жүргізілген қаржы айналымының 1-2 пайызын құрауға тиіс. Түскен бонусты белгілі бір тауар сатып алуға немесе салықты өтеуге пайдалануға болады.

Бұл жаңалықты жүзеге асыру үшін екі мәселені шешіп алу керек. Біріншіден, банктер карточкалардың көлемі, жасалған операциялар туралы ақпараттарды жеткізіп отыру жағын шешуге тиіс. Екінші мәселе, мемлекет тарапынан бонусты ұсыну тетіктеріне қатысты.

– Бұл іске қатысты әмбебап тетік әлі жасалған жоқ. Дегенмен, біз халық қолма-қол ақшасыз, карточкамен төлеуге қызығушылық танытады деп санаймыз. Сол арқылы нарықтағы теңге айналымын айтарлықтай төмендетуге қол жеткіземіз. Нарықтағы теңге айналымы туралы барынша дәл ақпаратты білсек, салық саясатында да соған сай өзгерістер жүргізуге болады. Мысалы, салық ауыртпалықтарын жеңілдету мәселесі көтерілуі мүмкін, – дейді Р.Дәленов.

Тағы бір айта кетерлігі, жеке тұлғалар арасында ірі келісімшарттар бойынша есептесу кезінде қолма-қол ақшаның көлеміне шектеу қойылуы ықтимал.

– Мәселе элиталық пәтерлер, қымбат тұратын люкс автокөліктерге қатысты. Әрине, бір бөлмелі пәтер үшін, не болмаса ауылдық жерлердегі үйлер үшін қолма-қол ақшасыз есептесуді міндеттеу азаматтарға қиынға соғуы мүмкін екенін түсінеміз. Оның үстіне, бұл адамдардың құқын шектейді. Сол үшін қазір банктермен бірлесіп, шекті соманың көлемін ойластырып жатырмыз, – деді министр.
Үкіметте заңды тұлғаларды өзара келісімшарттарды қолма-қол ақшасыз жүзеге асыруға ынталандыру тетіктері қарастырылып жатқанын да айта кету керек.

Комментарии закрыты.