Әлемнің кішкентай аруы

Түркияның Бодрум қаласында өткен Little Miss World-2019 («Әлемнің кішкентай аруы») атты қыз балалар арасындағы сұлулық байқауында бас жүлдені қарағандылық Аиша Әбенова жеңіп алғанын KAZ.NUR.KZ өткен айда хабарлаған болатын. Оқырмандарға талантты балақай туралы толық ақпарат беруді жөн санадық.

Кішкентай арулардың бұл сайысында 7-12 жас аралығындағы 30 үміткер бақ сынаған болатын. Міне, осы сында сүрінбей өткен Аиша «Әлемнің кішкентай аруы» атағынан басқа Best of the best («Үздіктердің үздігі) және Miss Talent («Талантты ару») жүлделерін де жеңіп алды.

Бодрум қаласындағы байқауда Аиша қыз лезгинка биімен көрермен қауымы мен қазылар алқасын тәнті еткен. Сонымен қатар, ол ұлттық көйлекке малынып, туған елі – Қазақстанды жұртшылыққа өте әсерлі етіп таныстырған. Одан кейін Аиша қазақтың дархан да жомарт көңілін сахнада паш етіп, конкурсқа қатысушылардың бәріне естелік сыйлық тарту етіпті.

– Аиша біздің үмітімізді толығымен ақтады. Алдағы уақытта онымен бірігіп, көптеген жоспар құрамыз ба деген ойымыз бар, – дейді Art Line модельдік агенттігінің директоры Мәдина Ахметбаева.

Әлемнің кішкентай аруы аталған агенттікте 3 жылдан бері кәсіби мамандардан дәріс алып келеді. Аиша Бодрумдағы табыстан бұрын да талай байқауға қатысып, маңдайы жарқырап жүрген талантты бала. Мысалы, ол 2017 жылы «Қарағандының кішкентай аруы», одан кейін Mini Miss Grand Prix Russia-2018 атақтарын жеңіп алған.

Қарағанды қаласында дүниеге келген Аиша Әбенова бимен айналысып, фортепианода ойнағанды жақсы көреді. Кішкентай арудың актерлық қабілеті де бар. Аиша астанамыздың 20 жылдығына арналған «Өмір тарихы» атты деректі фильмге түскен.

Комментарии закрыты.