Отбасы – ең басты құндылық

Отбасылық құндылық дегеніміз не? Ажырасудың алдын алуға бола ма? Отбасылық саясат қалай жүргізілуі керек? Елімізде 2030 жылға дейінгі Отбасы және гендерлік саясат Концепциясы қабылданған болатын. Бұл тарапта қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы маңызды мәселелерді қамту мақсатында енді қаламызда отбасылық құндылық институтының жұмысы жолға қойылмақ.

Осы ретте осы сейсенбіде «Қамқор» орталығында сот төрағасы Ерлан Серіков, азаматтық хал актілерін жазу бөлімінің басшысы Алмаш Әлімбаева және Қазақстан халықтарының ұлтаралық келісім орталығының директоры Гульназ Гатиятова үшжақты меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта олар отбасы құндылығын арттыру бағытында жұмыс істемек.

Елімізде ажырасу фактілерінің жылдан жылға ұлғая түсуі алаңдатпай қоймайды. Мәселен, статистикалық мәліметке сүйенсек, 2012 жылы – 47 598, 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007 ажырасу жағдайы тіркелген. Бұл әрбір төртінші отбасының ақыр аяғы ажырасып тынатындығын көрсетеді. Міне, осы мәселені ретке келтіруді жөн санаған отбасылық құндылық институты алдымен ажырасу көрсеткішін азайтуға кіріспек. Себебі, талқандалған отбасының артында бала қалады. Айналып келгенде, бұл жағдайда бала бағудың бар машақаты ана мойнына түседі.

– Қазіргі таңдағы басты мақсат – жастардың санасына отбасы туралы құндылықтарды, оның қадірі мен қасиеті туралы мағыналы дүниелерді көбірек сіңіру. Жалпы отбасы құндылығын айтқанда оның түп-тамырына үңілу керек сияқты. Неке құрудағы мақсат не? Бұл белгілі бір құндылықты табу және оған жету болып табылады ғой. Айталық, неке құру арқылы балалы боласыз, алдыңыздан ақша табу мәселесі, отбасын асырау, құдай қосқан қосағыңмен тіл табысу проблемалары шығады. Бұлар да құндылықтар. Осы құндылықтардың қадірі кеткенде отбасының шаңырағы құлайды. Неке, отбасылық құндылық туралы түсініктің өзі мемлекеттік деңгейдегі дүние. Бұл мораль мәселесі. Ал, мораль мәселесіне кез-келген мемлекетте сол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы әсер етеді, – деген қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина ата-бабамыздың ұлттық тәжірибесін пайдалана отырып жас жеткіншектерді Отанын, елін құрметтеуге, адал еңбекке, адамгершілікке, білім алуға тәрбиелейтін меморандум аясындағы игі істерге сәттілік тіледі.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.