Ұрпақтар сабақтастығы және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы азаматтық қоғамның орны

Осы тақырыпта өткен жұмада «Достық» үйіндегі дөңгелек үстелде Жезқазған-Ұлытау өңірінің зиялы қауымы, БАҚ өкілдері мен белсенді жастар бас қосты. «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастановтың бастамасымен ұлттық құндылық, ел мен жер, тіл мен діл тақырыбы кеңінен талқыланып, ұсыныс-пікір ортаға салынды. Осы келелі кеңестен өрбіген орамды ойларды оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық.

«Шындық» қоғамдық бірлестігі­нің төрағасы Абдолла Дастанов: – Қасиетті жұмада қаламызға қош келдіңіздер! Бүгінгі жиналғандағы басты мақсатымыз – аймақтағы мәдениет пен өнердің, жалпы азаматтық қоғамның өркендеуіндегі орнымызды айқындау. Біз көбіне жастар тәрбиесі жөнінде айтамыз. Бірақ, жастар кешегіміз бен бүгінімізді біліп жатыр ма? Білмесе оны ұғындырудың жолы қандай? Қазіргі заманғы технологияларды қаншалықты пайдалана алып жүрміз? Міне, осы тақырыптар төңірегінде ойымызды ортаға салсақ дейміз. Біз бір аймақта тұрсақ та Жезқазғанда, Ұлытауда болып жатқан шаралардан құр қалып жатамыз. Осы тұрғыда мәдени байланысты нығайтудың жолын қарастырсақ. Аймақтың ауызбіршілігін арттыратын жоба туралы қала басшысы Асқар Абылайұлына айтқан едім. Қолдау таныта келе ол кісі өзінің де тың ұсыныстары барын айтты. Әңгімемізді осы тұрғыда өрбіте келе сөз тізгінін Асқар Абылайұлына берсек.

Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов:

Қайырлы күн қадірлі жиналған қауым! Беделді де белгілі азаматтармен, ел ағаларымен маңызды мәселені қолға алған келелі кеңес өтуде. Көптен бері осындай жиын өткізу қолға алынбап еді. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Жалпы алғанда қаламызда мәдени бағытта біршама дүние жүзеге асырылды. Ең алдымен еске түсетіні дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін республикалық жас ақындар айтысы, Ерден Сандыбайұлы атындағы ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауы. Былтыр ғана қаламыздың 45 жылдығына арналған қос кітап жарық көрді. Есқожа Сартовтың әндерін жаздырдық. Ал, биыл ғалым Қаныш Сәтбаевқа арналған кітап жарық көрмек. Жас әншілерге арналған «Жарқын дауыс» жобасы сәтті басталды. Бұл жарқын істердің бастауы ғана деп білемін.

Мұнан әрі елдігіміз бен ерлігімізді бағалап, рухани күшімізді нығайтып, азаматтық қоғамның орнын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін қандай әрекет жасауымыз керек? Бүгінгі басқосудың себебі осында. Аға буынның ақылы жастардың ерік-жігерін ұштастыра отырып, жаңа бастамаларға жетелері сөзсіз.

Талапты танып, оны көпшілікке таныта білуіміз керек. Бар қазақты аузына қаратқан Шынболат Ділдебаевтың ақындық-жыршылық өнерін жалғай алып жүрміз бе? Жастар ол кісі туралы біледі ме? Міне, осы сұрақтар мазалайды. Рас, қазір ақпараттық технологиялар заманы. Қарап отырмай, осы көштен қалмауымыз керек. Ойымша біріншіден, бізге аймақтық интернет сайт керек. Өңірімізден шыққан тұлғалардың поэзиясы мен прозасы сол жерде жинақталуы тиіс. Ақын ағаларымыздың шығармаларын сол жерде оқып, тікелей тілдесуге мүмкіндік берілсе қандай жақсы болар еді. Кітап оқылмайды емес, оқылады. Тек оқыта білуіміз керек. Кәкімбек Салықов, Шынболат Ділдебаев, Сайлаухан Нәкенов, Ғазиз Ештанаев, Батырбек Мырзабеков, Кенжебай Ахметов, Мұса Тілеуов, Дәуренбек Бұланбаев сынды ақындар кітабының электронды нұсқасын, яғни мобильді қосымшаларды пайдалана отырып оқуға мүмкіндік жасауымыз қажет. Жаңа буынды, енді танылып жүрген жас ақындардың кітабын шығарып беруді қолға алмақпыз. Бір жылда бір ақынның кітабын шығарсақ ұтылмайтынымыз анық. Мысалы, Қарағанды қаласында жыл сайын «Ең үздік ақын», «Ең үздік жазушы» анықталады. Әлбетте, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау өңірінде қалыптасқан мәдени ортаға демеу, қолдау білдіруіміз керек. Осындай жастарды қолдауға аймағымыздағы іскер азаматтарды тарту қажет. Кәсібінен нәсібін тауып жүрген кәсіпкерлер жастарды қанатының астына алып, қамқорлық танытса, нұр үстіне нұр болар еді. Батырбек аға жанашырлық танытып жүрген іскер азаматтарға «Ұлытау және Ұлт» журналының бір санын толық арнайды деп сенемін.

Байқаймын, арамызда өнер саласында жүрген азаматтар басқа салаға кетіп, көз жазып қалып жатырмыз. Жұмыссыз жүрген ақындар да бар. Жолын көрсетсе, ол кісілердің қолынан да көп нәрсе келеді. Ортаға алып, жұмысқа орналастыру жағын қарастыруымыз керек. Бұл сұрақты облыс әкімі Ерлан Жақанұлы да жастармен кездесуінде көтерген еді. Өткен жылы «Жезкиік» фестивалінің қалай өткендігін білесіздер. Әлемнің әр түкпірінен қаншама әншілер, өнерпаздар келді. Біз де ондай өнерпаздар бар. Тек, бір өкініштісі, оларды білмей жүрміз. Аймағымыздағы әнші-күйшілерге іріктеу жасап, қолдап, атын танытуымыз керек. Арнайы осы мақсатта қор ашу жайын ақылдасқанымыз жөн. Одан кейін туризмге көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Мына тұрған Ұлытауға бара алмай жүргендер бар. Сырттан келген ағайын-туысқа қасиетті Ұлытау туралы ауыз толтырып ештеңе айта алмаймыз. Өзіміз тарихын толық білмейміз. Өңір тарихына терең бойлай алмай жүрміз. «Өткенін білмегеннің болашағы болмайды» деген. Мысалы, Түркістан жаққа барып, құдығын көріп, ем алғымыз келеді. Ол жерде келушілерге жағдай жасалған. Демалыс бөлмесі, құлшылық, сауда жасауға қолайлы орындары бар. Көлікпен бара қалсаңыз жол сілтейтін бағыт-бағдар белгілері тұрады. Біздің өңірдегі тарихи мекендерді сырттан келгендер адасып, таба алмай қалады. Ең болмағанда бағыт-бағдар белгілерін, билбордтар орнатуымыз керек. Осы мәселені бір жүйеге келтіру үшін аймақ тарихынан сыр шертетін бағдарламалар ашылса. «Тарихыңды таны» деген секілді оқушылар арасында интеллектуалды ойындар ұйымдастырсақ. Одан бөлек, елордадағыдай ұлттық этнопарк жасасақ. Сол арқылы Алашахан, Жошыхан, Домбауыл кесенелерінің тарихын терең зерделеуге жол ашылары анық. Археологиялық бағыттағы жұмыстардың кенжелеп қалғанын жасырмау керек. Зерттеумен санаулы ғана адам айналысуда. Мысалы, Үсен батырдың моласы маңында қаншама қорымдар бар. Оны кім біледі? Тек Кенжал Балкенұлы ғана хабардар. Ол кісіге ізбасар болар жастар бар. Жол сілтеу қажет. Осы мақсатта жыл сайын «Ең жас археолог», «Ең жас тарихшы», «Ең жас зерттеуші» деген байқаулар ұйымдастыруды қолға аламыз.

Одан кейінгі күрделі мәселенің бірі – отбасы құндылықтарын жаңғырту. Дәстүр жалғастығы, салт-сананың сабақтастығы ұғымын кеңейту. Бүгінгі күні жас отбасылардың ажырасуы азаймай тұр. Сол себепті «Достық» үйінің жанынан отбасын қолдау институты құрылды. Бұл жұмысқа арнайы мамандар, психолог, медиатор және азаматтық қоғамның белсенділері жұмылдырылды.

Берекелі істің берері мол. Бүгінгі бастамалар қағаз жүзінде ғана қалмай нақты жүзеге асырылса өңірімізді өркендетуге қосылған үлкен үлес болады деп сенемін. Осындай рухани отырыстардың дәстүрлі түрде өткенін қалаймыз. Жиында айтылған ұсыныстар мен оңтайлы ойлар жинақталып, жүйелі түрде мониторинг жасалып, қорытындысы шығарылуы керек. Алдағы уақытта атқарылатын шаруаларды мүмкіндігімізге орай бөліп, бірлесе атқарсақ. Сіздерді осы бағытта барынша белсене жұмыс жасауға шақырамын.

Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар:

– Маған арадағы шеңбер алынып, аймақтың тегіс игі жақсыларының жиналғаны ұнап отыр. Жезқазған-Сәтбаев-Ұлытау бір үйдің баласындай, қанаттас, тамырлас, тағдырлас жатқан елміз. Асқар Абылайұлының бастамасы әбден қолдарлық, уақытында, үлкен жүрекпен, кең көңілмен жасалған игі қадам. Түрлі шараларды бөліп атқарайық деген де дұрыс. Мысалы, Жезқазған «Ұлытау үні» фестивалін отыз жылдың мұғдарында өткізіп келе жатыр. Ол өзінде тұрсын. Мен ақын ретінде, халыққа танылып, осы деңгейге жеткен адам ретінде де «Ұлытау үнінен» қанаттандым. Биыл бізге бұл шара туралы ақпарат та жетпеді. Қалай, қашан өтетінінен хабарсыз болып, қатыса алмай қалдық. Көңілімізге қаяу түскендей болды.

Сәтбаев республикалық жас ақындар айтысы, Ерден Сандыбайұлы атындағы ұлттық аспаптарда орындаушылар байқауын өткізе берсін. Біз бұл тақырыптарға жармаспайық. Өйткені, аймақ ортақ, көрермен ортақ, жанкүйер ортақ, тұтынушы ортақ дегендей. Нақты өткізіліп, қалыптасып қалған шаралар бұрынғыдай өткізіле берсін. Бірақ, атсалысу, келу, белсендік танытуға жұмыламыз. Бәсекелестік нақты өнер иелерінің арасында ғана, ал, біз шараның дұрыс өтуіне нақты жанкүйер боламыз. Мысалы, жақында ғана «Көкмайса» этнофестивалін өткіздік. Шындығына келгенде, төрт мыңға таяу адам келді. Ол біз үшін аз емес. Бірақ, көрсек деген адамдарды кездестіре алмадық. Біз фестивалді Жезқазған-Сәтбаев-Ұлытау өңірінің халқы үшін өткізіп отырғаннан кейін, коммерциялық жоба болғаннан кейін атап-атап кісі шақыру деген дәстүрді ұстанбаймыз. Аудан мәдениетін дамыту мақсатында ақылы түрдегі форматты таңдағанбыз. Өзім де отбасымды алып барып сол жердегі кез келген қызметке ақы төлеп жүремін. Шақырған жоқ деген сыңаймен біраз кісілер іркіліп қалып қойған сияқты. Осы мәселелердің де басын ашып, шешіп алған дұрыс. Бір шара өтсе ағылып келіп, әрі атқарушы, әрі тұтынушы болып бірге атсалысайық. Ұмытылып бара жатқан, кенжелеп қалған ұлттық тақырыптарды айқындап, үшке бөліп алуға болады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кез келген өркениеттің қазіргі талабына жауап беріп, бүгінгі күннің ағымынан қалмай салтымызды сақтай отырып, көне дәстүрімізді, тарихымызды жаңғырта алатындай жағдайда баршамыз жабылып әрекет жасасақ ұтамыз деп ойлаймын. Жиналып айтқанда ғана емес, шаруаны атқарарда да бірлігіміз тарқамаса екен деймін.

Жезқазған қаласының, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов:

– Cәтбаев қаласының энциклопедиясы шығарылса деген ұсынысым бар. Онда мыс, қола мәдениетінің дамуы қамтылса. Сонымен қатар, әлемдік рөл атқаратын үлкен музей ашатын уақыт жеткен сияқты. Жезқазған жері металды адам өмірінде алғаш пайдаланған мәдениет ошақтарының бірі. Сондықтан осыны көрсететін, қазіргі кен өндірісін көрсететін, жас ұрпаққа таныстыратын орын музей.

«Ұлытау және Ұлт» журналының директоры Батырбек Мырзабеков:

– Бізден кейінгілер қайда барады? Мені осы ой үнемі мазалайды. Ықылым заманнан бері бізде әкенің, ананың тәрбиесі қалыптасқан. Бір рулы елді бір ақсақал басқарған. Орыс тәрбиесі бізді қазақылықтан алыстатты. Бүгін осыны қайтадан қалпына келтіруіміз керек. Бала тәрбиесімен дұрыстап айналыса алмай жүрміз. Тәрбиені балабақшадан бастауымыз шарт. Және оны қазақы, ұлттық негізде жүргізгеніміз дұрыс. Ол үшін балабақшада ұлттық үрдісті, ұлттық ұғымды қалыптастыра алсақ қанекей. Жеті атасын білген баладан жүргенді азамат шығары анық.

«Ұлытау және Ұлт» журналын пайда табу үшін емес, ұрпаққа бір ауыз сөз қалдырып кету үшін шығарудамыз. Бізден кейін не қалады? Ісімізді алып кете алатын жас бар ма? Оларға біз не қалдырамыз? Осы сұрақтардың жауабын осы басылым бетінен таба аласыздар деген ойдамыз. Осы ретте рухани қолдау білдірген Асқар Абылайұлына үлкен алғыс білдіреміз. Атқаратын шаруа көп. Ел мен жер тарихын жастарға ғылыми тұрғыда, ғылыми негізде жеткізу үшін қызмет етудеміз. Қазір жиырманың үстіне нөмір шықты. Оқырмандар жылы пікір білдіруде. Алдағы уақытта әр салада еңбек етіп жүрген адамдарды қамтуға дайынбыз.

Ал, осы қолға алға жұмысқа жоспарлап барып кіріссек. Қоғамдық ұйымға қатысатындардың атқаратын жұмысын айқындап, сөзсіз орындалуын міндеттесек.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров:

– Асқар Абылайұлының ұсыныстары өте орынды. Бәріміздің илеп жүргеніміз бір терінің пұшпағы. Бөлетін ешнәрсе жоқ. Мен қарапайым металлургпін. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын дөңгелетіп, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрмін. Көпшіліктің көңілінен шығып жүрміз. Енді энциклопедия мәселесіне келейін, «Ұлытау және Ұлт» деген энциклопедия шығарды. Ішінде төрт, бес пунктте өте өрескел қате кеткен. Оны әлі күнге дейін мойындамайды. Энциклопедия грек тілінен алғанда ғылыми дүние. Сол энциклопедияны шығарушы жауапты адамдардың ешқандай ғылыми атағы жоқ. Редколлегия мүшелерінің ішінде де бір ғалым жоқ. Бірақ, энциклопедия деп шығарды. Шежіре, мақала болса бір жөн. Энциклопедия деген ғылыми дүние. Көтеретін жүгі өте ауыр. Мен жаңағы энциклопедияның шығуына қарсы емеспін. Бірақ, оған жеңіл-желпі қарап, шала-шарпы оқып, баспаға беруге болмайды.

Үлкен қателік болады.

Жазушы-драматург Кенжебай Ахметов:

– Мұның бәрі үйреншікті әңгімелер. Сайып келгенде нәтиже шыға қоюы күмәнді. Екі-үш жиналыс жасалады, әрі кеткенде бір кітап шығады, сонымен бітті. Нәтижелі болуы үшін айтайын дегенім мынау. Қазіргі заман технологиялар заманы. Бұл жерде қолынан іс келетін, компьютерді білетін, ІТ технологиядан хабары бар бір-екі азамат керек бірінші. Сосын әдебиеттен, мәдениеттен, тарихтан хабары бар тағы бір-екі азамат қажет. Олар сайтпен жұмыс жасайды. Сосын сайтқа берілетін материалдар іріктеледі. Әркімнің жазғанын тықпалап сала бермеу керек. Еркін пікір алаңы сайттың бір жақсы жері кері байланыс орнайды. Өнер, мәдениет туралы материалдың қайсысы жақсы қабылданды. Соған қарап дайын рейтинг жасауға болады. Кітап шығарасыз ба, басқа қыласыз ба өзіңіз білесіз. Жинағыңыз жыл соңында дайын тұрады. Сонымен қатар, фото, бейнематериалдар салуға болады. Басқа жұрттың қызығушылығы туады. Мысалы, Жезқазғанда археологиямен айналысатын бір ғана адам бар. Ол күнге күйіп, қолына қалақша мен шөтке алып, тарихи жерлерді сыпырып жүрген Ғабдол Әуезов. Қалғанымыздікі жәй әңгіме. Міне, осындай адамдар жөнінде материалдар сайтта топтасу керек. Менің ойым осы.

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова:

– Жақсы игі бастама. Барлық ұсыныстарды қолдаймын. Рас. Бізде туризм кенжелеп қалып жатыр. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жастарды мәдени, архитектуралық ескерткіштермен таныстырып, тарихымен сусындатумен көбіне музейлер айналысады. Сыртқа шыққанда қиналамыз. Қолымыздан келетіні ГИД мамандарды жіберу ғана. Транспорт жағы қиындау. Жол жағын жақсы білесіздер. Алашаханнан Жошыханға барар жол қиындық туғызады. Бірігіп туристік орталық ашсақ. Орталықта барлық жағдай жасалып, қиындықтарды бірігіп шешсек. Үлкен сайыстар ұйымдастырып, жас зерттеушілерді осы орталықта дайындайтын едік. Бізде қазір «Жас өлкетанушы» үйірмесі жұмыс істейді. Тек Жезқазған қаласындағы мектеп оқушылары қатысады.

Сонымен бірге, экскурсия жүргізген кезде түрлі ғалымдар мен тарихшылардың дерегіне сүйенеміз. Әрқайсысы әртүрлі пікір айтады. Бір ғалым Жошыхан сол жерде жатыр десе, екіншісі жоқ дейді. Бұл саяхаттаушыларға кері әсер етеді. Сондықтан ғалымдар бірігіп, бізге нақты тарихи дерек дайындап берсе.

Ақсақалдар алқасының төрағасы Сақтаған Атабаев:

– Біз көп адасып қалдық. Ұлттық дәстүрді жоғалтып алдық. Бұрын елге жаны ашитын адамдар көп еді. Биыл «Жастар жылы» деп жатырмыз. Бізге бірінші ұлттық тәрбие керек. Тарихты ұмытпауымыз керек. «Қазақмыстың» Ардагерлер кеңесімен бірге мектеп оқушыларымен жиі кездесу ұйымдастырамыз. Арнайы жасаған жоспарымыз бар. Балаларға барынша ақыл-кеңес беруге тырысамыз. Өткен тарихтан сыр шертеміз. Мына жаңалық мені қуантып тастады. Сәтті болсын.

Қазақстанның халық әртісі Ғалым Мұхамедин:

– Осындай жиын қашан болады деп тосқан адамның біреуі менмін. Соңғы уақытта домбыраның, қазақтың үні естілмей барады. Бұрындары Металлургтер мен Кеншілер мерекесінде домбырамен ән салушы едік. Қазір той көп, домбырамен ән айтатын бір де бір адам жоқ. Қобыздың, сырнайдың да үні шықпайды. Бұл жақсылық емес. Бұдан былай барлық жерде қазақтың әні айтылып, күйінің күмбірлеп жатуына мән берсек. Сонымен қатар, «Ұлытау аймағының өнерпаздары» деген атпен жергілікті әнші-композиторлардың күйтабағын шығарсақ, нотаға түсірсек. Айтылмай кеткен халық әндерін насихаттасақ. Кетбұқадан бастап, Тайжан, Болман, Шынкең, Жақсыкелді бар бәрін жинап, топтастырсақ жастар үшін бағалы сыйлық болар еді.

Жастар ресурстық орталығы­ның басшысы Гүлдана Рысмағанбетова:

– Мектепте жұмыс істеп жүргенімде өңіріміздің тарихы туралы бейнебаян түсіру керек болды. Соған ән таппай қиналдық. Қайрат Баекеновтің «Ұлытау» әнін ғана таптық. Сондықтан, бізге туған жеріміз, еліміз туралы әндер аса қажет. Алдағы уақытта жастар арасында байқау ұйымдастырылса деген ұсынысым бар. Туған жеріміз туралы әндер көбейер еді.

Еңбек адагері, ақын Мұса Тілеуов:

– Өте дұрыс. Ән бар. Өлеңдер де бар. Осының арасынан екеуі ғана айтылып жүр. Неге? Өткен жылы сәтбаевтық композиторлардың әндері топтастырылып, шығарылған болатын. Кітап қолымызда бар. Нотасы тұр. Жас әншілер орындау үшін минусовка жазу керек екен. Оған қаржы қолбайлау болып тұр. Осы әндерді айтатын жас әншілерге қолдау көрсетілсе. Қаржысын төлеп, жаздырып, насихаттасақ. Біз ең әуелі аймағымыздың, қаламыздың абыройын көтеріп, адамдарын таныстыруымыз керек. Екіншіден, қазақтығымыздың бір мәнісі тіліміз құрып бара жатқан сияқты. Бәрі әп-әдемі сияқты. Балалар балабақша мен мектептен орысша сөйлеп келеді. Тілімізді шұбарламаудың жолын ойластыруымыз керек.

ҚР еңбегі сіңген энергетик Яхия Асатов:

– Мен іссапарда жүргенде таксист «қайдан келесіз?» деп сұрады. «Жезқазғаннан» деп едім, «сіз Шынболат пен Жақсыкелді емессіз бе» деді. Сөйтті де кассетаны қойып қалды. Сондықтан, осы адамдардың өнерін жаңғыртып, жазып келер ұрпаққа таныстыруымыз керек. Көтеріліп отырған мәселе өте орынды.

«Ұлытау және Ұлт» журналының бас редакторы Сара Смағұл:

– Алғаш Тәуелсіздік алған жылдары елімізде халықтық педагогика деген бір үрдіс болған еді. Бүгінгі басқосуда айтылғанның бәрі халықтық педагогикаға қатысты дүниелер. Сондықтан БАҚ жүйелі түрде осы бағытты қамтыса.

Жас ақын Мұқағали Мұқаш:

– Айтылған ұсыныстардың біреуі орындалса осы екі сағаттық отырыстың текке кетпегендігі. Кішігірім қолға қалам ұстаған азаматпыз. Ауданның сексен жылдығына арнап әнші Қуандық Рақымның орындауында «Ұлытауға тарту» атты ән шығарып қойдық. Бізден тарту сол. Істеріңізге береке берсін!

Дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының директоры Аманкелді Құрақбай:

– Осының бәрін жастардың санасына телеарна арқылы интеллектуалды ойындар арқылы жеткізуіміз керек. Алдағы уақытта дәстүрді, дінді қамтитын, ақпараттық-насихат жүргізетін жоба ашуды қолға алдым. Бір-екі аптада дайын болып қалады. Өңірім үшін істейтін үлкен еңбегім осы. Қабыл алыңыздар!

Түйін:
Ұлт байлығы, ұлы құндылығы жерінде, өнері мен береке-бірлігінде. Келер ұрпақты рухынан ажырататын шоулардың шылауында адастырмайтындай үлкен істің қазығы қағылды міне. Бірінші, әрине, құжат дүниеге келеді. Осы айтылғандар еленіп-екшеліп, ойдағы жұмыстардың тізімі жасалады. Әр жерден жұмысшы тобы, көркемдік кеңес құрылады. Қамтылатын ауқым өте үлкен. Жиында соның бір парасы ғана айтылды. Ұлтымыздың дүниетанымына, руханиятына сәйкес барлық үрдісті қамтитын орталық дүниеге келді деп сенеміз. Олай болса, қадамы құтты болсын!

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.