Рәміздер – тарих тағлымы

Ағымдағы жылдың маусым айында мемлекеттік рәміздеріміз туралы Заңның қабылданғанына 20 жыл толады. Осы жиырма жылдың ішінде көк байрағымыз әлемдік аренада желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Елтаңбамыз Тәуелсіздіктің мәңгілік екенін танытып тұр.

Біз қала жастарының ұлттық нышандарға деген құрметтерінің, білімдерінің қандай деңгейде екенін білу мақсатында №3 кәсіби лицей оқушыларының арасында «ҚР мемлекеттік рәміздерін білесің бе?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген болатынбыз. Сауалнамаға білім ордасының «Темір жонушы» мамандығын игеріп жатқан І курс студенттері қатысты.

«ҚР мемлекеттік рәміздеріне не жатады?» деген сұрақтан топтың 15 оқушысы өткенімен, сол рәміздердің авторларының кім екендіктерін айтуға келгенде кібіртіктеді. Әрине, оқушы түгілі үлкендердің өзі авторларының кім екендігін біле бермейді. Алайда, мектеп табалдырығынан шығып, арнаулы білім алып жатқан жастарға бұл үлкен сын. Мұны оқу орындары алдағы уақытта ескеруі қажет.

Жиырма төрт оқушының ішінен рәміздер туралы білімдерінің бар екендіктерін дәлелдеген оқушыларды атап кеткен жөн болар. Олар: Ұлан Болатов, Марат Орынбасартегі, Абзал Назырбек, Досжан Маханов, Нұрхан Ерден. «ҚР мемлекеттік Әнұранын жатқа білесің бе?» деген сұраққа көпшілігінен қанағаттанарлық жауап алдым. Сондай-ақ, олар Әнұранның авторларының кім екендіктерін де айтып берді.

Жүргізген сауалнама көп нәрсені аңғартты. Әлі күнге дейін білім ошақтарында рәміздеріміздің тарихын, құндылығын насихаттаудың жеткіліксіз екендігі байқалды. Шабылып қаншама акция, форум өткізгенімізбен нәтижесі аз сияқты. Тәрбие де, отансүйгіштік те отбасынан басталады десек, үлкендердің рәміздер жайлы білімдерінің аздығы жастарға да әсер етіп отырғандай.

Бір топтың біліміне қарап көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Алайда, шындық осындай.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.