Халықтың әл-ауқатын жақсарту, жұмыссыздықты төмендету бағытында

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес жұмыспен қамту қызметтері тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуды ұйымдастыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жұмыссыздықты төмендетуге бағытталған. Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры Қазыбек Ашықбаев Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша сұхбат берген еді.

– Жұмыспен қамту орталығында электрондық еңбек биржасы арқылы еңбек делдалдығы цифрланды. Жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарын тіркеудің оңайлатылған түрі бар, күту залы, операциялық зал, электронды кезек, өздігінен қызмет көрсету бұрышы бар. 2019 жылдың басынан бастап 110-нан астам жұмыс беруші Enbek.kz порталын пайдалана отырып, электрондық форматта жұмысқа қабылданды. Ол үміткерлер мен жұмыс берушілердің сандық сауаттылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыруға, азаматтардың портал негізде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, электрондық форматта алынған бос жұмыс орындарының үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

– Қазыбек Батырбекұлы, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы айта кетсеңіз.

– Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасының бірінші бағыты «техникалық және кәсіптік білім беру және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту». Осы салада 103 жұмыссыз Сатбаев индустриалдық колледжінде, ЖШС «DimArt», ЖШС «Моторгсервис» және Технологиялық колледжде 1-С бухгалтер, тігінші, аспаз, ЭЕМ операторы, электр және газ дәнекерлеуші, электрик мамандықтары бойынша білім алуда. Екінші бағыт «кәсіпкерлікті дамыту» кәсіпкерлік негіздерін оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен ауылдардағы несиелер / микрокредиттерді кепілдендіру келесі міндеттерін іске асыруды қарастырады.

Ағымдағы жылдың бірінші шілдесіне екінші деңгейдегі банктер 4 жобаны мақұлдады. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы бірінші «Арнайы техниканы сатып алу» жобасы іске асырылмақ. Жобаның жалпы құны — 7 млн. 200 мың теңге. Осы жоба арқылы 2 жұмыс орны құрылады. Екіншісі «Тұрмыстық техника дүкенін кеңейту». Қарыздың көлемі — 5 млн. теңгені құрайды. Үшіншісі «Айналым қаражатын толықтыру». Қарыз қаражаты 10 млн. теңге. «Банк Центр Кредит» АҚ арқылы «Кондитерлік цех ашу мақсатында үй сатып алу» жобасының жалпы құны 18 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде 16 млн. теңге қарыз қаражаты, 2 жұмыс орны құрылады.

– Көп балалы аналар мен жастарға арналған қандай бизнес-идеялар жүзеге асырылмақ?

– Биылғы жылы жастарға, сондай-ақ, көп балалы аналарға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 100-ден 200 АЕК-ке 35 мемлекеттік гранттар ұсыну жоспарланып отыр. «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағдарламаның үшінші бағыты – жұмыспен қамтуға, әлеуметтік жұмыс орындарын құруға, жастар тәжірибесін ұйымдастыруға және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруға бағытталған. Жыл басынан бері бос жұмыс орындарына 1250 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 42 адам, жастар тәжірибесіне 31 адам, қоғамдық жұмыстарға 391 адам жіберілді. Отызыншы сәуірде бос жұмыс орны жәрмеңкесі өткізіліп, барлық қала жұмыс берушілері, жұмыссыз азаматтар, оның ішінде мүгедектер, пробация қызметінде тіркелген адамдар шақырылды. 5 адамға тұрақты жұмысқа жолдама берілді. Қайта даярлау курстары бойынша 2 адамға кеңес берілді. Пробация қызметіндегі 3 адам жұмысқа орналастырылды.

– Жұмысқа орналастыру пункттерінің қызметі нәтижелі ме?

– 2019 жылдың 4-ші ақпанында «Сарыарқа» базарында, қалалық автовокзалында қала әкімінің тапсырмасы бойынша екі жұмысқа орналастыру пункті ашылды. Осыған орай, жұмыспен қамту орталығының мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жаңа бизнес-идеяларды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның барлық бағыттары, мемлекеттік субсидиялардың іске асырылуы бойынша кеңес береді. Сондай-ақ, жұмыссыздарды бос жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастыруға көмектеседі. Техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған, жиырма тоғыз жастан аспаған оқу бітірушілерге жастар тәжірибесі ұсынылады, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеңес беріледі. Жұмысқа орналастыру пунктінде барлығы 406 адамға кеңес берді, оның ішінде жұмыспен қамту бойынша – 167 адам, микрокредиттеу бойынша — 45, қысқа мерзімді оқу бойынша — 158. Жұмысқа орналасуға өтініш бергендердің ішінде 56 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 19 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, 5 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді, 14 адам жастар тәжірибесіне жіберілді.

– 2019 жылдың 1 сәуірінен басталған өзгерістер бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері енгізілгендігі белгілі.

– Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудегі өзгерістерді халыққа түсіндіру мақсатында мобильді топтар құрылып, пәтер және аула аралау жұмыстары жүргізілді. 1239 көпбалалы отбасымен сауалнама жүргізілді, әлеуметтік карталар құрылды. 2019 жылғы 1 сәуірде өзгерістер енгізілгеннен кейін атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 1800 отбасы өтініш берді, оның ішінде 457 отбасына тағайындалды. Кедейлік шегінен орташа жан басына шаққандағы табыстың артуына байланысты 365 отбасына әлеуметтік көмек тағайындалған жоқ.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.