Елдіктің ерен Елордасы

Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны іспетті әсем астананың бой көтергеніне биыл 21 жыл. Осы аз уақытта Елордамыз еңсесін тіктеді, жер-жаһанға танылды. Ғаламдық деңгейдегі саяси экономикалық, діни, мәдени шаралар өтетін платформаға айналды. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та болса бас қаласы қалыптасты. Өткен 21 жыл ішінде Астананың архитектуралық келбеті ғана емес, бас қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері де адам танымастай өзгерді. Елордада бизнес қанат жайып, құрылыс саласы, қызмет көрсету, тауар айналымы мен көлік саласы қарқынды түрде дамыды.  Мидай жазық даладан, уақыт өте келе аспанмен астасқан зәулім де әсем ғимараттар бой көтеріп, алып көпірлер салынды. Ал, Елорда маңайы жасыл желекке оранды. Мұның барлығы – Елбасының ерлігі, ерен еңбегі екені белгілі. Нұр-Сұлтан қаласының туған күні Сәтбаев қаласында өз деңгейінде аталып өтті. Бұл күні қаламыздағы Кеншілер алаңындағы жазғы алаңда мәдени сауық орталығының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өткізілді. Мерейлі мерекеге арналған шарада жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, мың бұрала билеп қала тұрғындарының көзайымына айналды. Кешкілік серуенге шыққан қала жұртшылық осылайша өнерпаздардың өнерімен сусындап, мерекелік күнді атап өтті. Жиырма жыл бір ішінде елордамыз Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Нұр-Сұлтанда ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүддесі, асқақ арманы мен мақсаты іс жүзіне асырыла беретін болады.

Алтынгүл Төлегенова.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.