Бесік арбалар шеруі жалғасын тапты

Сәтбаев қалалық жастар ресурстық орталығының және «Аяулым» әлеуметтік қолдау қоғамдық бірлестігінің ұйым­дас­тыруымен «Бесік арбалар шеруі» биыл да өз жалғасын тапты. Жастар арасындағы отбасы мәртебесін арттыру және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен «Бесік арбалар шеруі-2019» Астана күніне орай ұйымдастырылды.

Дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шеруге барлығы 7 отбасы қатысты. Байқау шарты бойынша бөбектер көлігі ерекше безендірілуі тиіс және әр ата-ана өз туындысын жұртқа жан-жақты таныстыруы керек. Бұл жолы да қиялы ұшқыр тұрғындар көз майын тауысып, жедел-жәрдем, анасы ара кейіпкері болып, бесік арбасын гүл шоғырына айналдырса, кейбір аналар ұлттық құндылығымызды насихаттап арбасын ұлттық нақыштағы киіз үй етіп жасады. Ал, енді бірі хан тағына дейін жасапты. Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы өзіндік бағаларын берді. «Бесік арбалар шеруі-2019» сайысында «Күншуақ», «Қыран» және «Балапан» топтары белсенді қатысқаны үшін марапатталса, жүлделі ІІІ орын «Гүлбақ» тобы, ал, ІІ орын «Ханшайым» тобына бұйырды. І орынды «Бағдаулет» тобы қанжығалап, оқ бойы озып шықты. Екі бірдей арбаны безендірген «Утембаевтар» отбасы бас жүлдені жеңіп алды. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталғанын атап өтейік. Дәстүрлі байқау соңы жергілікті өнерпаздар дайындаған мерекелік концертпен жалғасты.

Алтынгүл Төлегенова.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.