Рухани байлығымыз бен қазақи құндылықтарымызды насихаттау жұмысы басталды

Қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы болғанымызды мақтан тұтып, ата-бабамыздан келе жатқан салтымыз бен дәстүріміздің тұнып тұрған тәрбиелік мән-мағынасын бүгінгі жас буынға жеткізу – біздің басты міндетіміз. Бабаларымыз отбасының береке, бірлігіне, отбасының әр мүшесінің қадіріне мән беріп, шаңырақтың шайқалмауына, баланың жетім, анасының жесір атанбауына үлкен мән берген. Ұрпақтың келешегі мен халқының болашағының жарқын болуы үшін тер төккен. Осы заманға дейін өз ұрпағын елдің қорғанышы, ұланғайыр жеріміздің иесі бола алатын саналы, білімді азаматтар қатарынан болса деген арманмен келеді.

«Отан отбасынан басталады» демекші, мемлекетіміздің өсіп-өркендеп, дамуының басты себепкері бақытты отбасылары мен рухани тәрбие көрген ұрпақ болмақ. Біздің қаламыз шағын болғанымен, мыңдаған отбасының мекені, сондықтан, біздің қаламызда да отбасылық құндылықтар мен рухани тәрбиеге баса назар аударылуы тиіс. Осыған орай, Сәтбаев қаласында «Отбасын қолдау институты» құрылып, бақытты өмірді, бақытты отбасын, тәрбиелі ұрпақты, рухани байлығымыз бен қазақи құндылықтарымызды насихаттау жұмыстарын бастап кетті. Шаңырақтың биік болуына, босағаның берік болуына бағытталған іс-шараларды жоспарлап, отбасын құрып жатқан жастарға шаңырақтың бақытын сақтайтын сара жолды көрсетеміз деген сенімдеміз.

Институттың басты мақсаты – өскелең жас ұрпаққа және құрылған жас шаңырақ иелеріне үлгі болатын, жол көрсететін, жөн сілтейтін ортаны қалыптастыру. Сонымен қатар, қазақ халқының «қасиетті шаңырақ», «айрандай ұйыған отбасы», «түтіні түзу ұшқан жанұя» «отағасы», «отанасы» деген ұғымдардың мағынасының терең екендігін әр іс-шара барысында түсіндіріп, ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті қайта жандандырып, жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Қазақ халқы – қарттарын қадірлеп, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, ұрпағының болашағы үшін ел бірлігін, кіндік қаны тамған туған топырағын сақтай білген қасиетті халық. Біз сол кешегі қазақтың баласымыз, ертеңгі қазақтың бабасымыз, сондықтан ұрпағымыздың тәрбиесіне, рухының биік болуына еңбек етуіміз керек.

Отбасын қолдау институты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында «Бақытты отбасы – бақытты бала» айдарымен жаңа бастаманы қолға алды. Алғашқы жұмыс қаламыздың өскелең тұрғындарымен отбасы жайлы әңгіме орнатып, олардың жанұя жайлы ұғымын, отбасындағы олардың алар орнын білгіміз келді.

Ақниет Құсайын, студент.

– Мен отбасының үлкенімін. Біздің отбасымызда әкем, анам және үш сіңілім – алты жанбыз. Сосын ата-әжеміз бар, олар басқа үйде тұрса да, біз күнде барып тұрамыз. Мен әжемнің қызымын, ол кісі мені «тұңғышым» деп қатты жақсы көреді. Мен үшін отбасы деген сөз өте жылы естіледі, қорған, пана, татулық, қуаныш деген сөздермен айтқым келеді. Мен үйдің үлкені болғаныма қуанамын, әкем де, анам да мені өздерінің досы сияқты қабылдайды, менімен ақылдасады, менің көзқарасыммен, пікіріммен санасады. Атам мен әжем де біз десе ішкен астарын жерге қояды, бір екі күн бармай қалсақ сағынып, іздеп отырады. Мен өзімді бақытты баламын деп есептеймін, себебі, ең жақын адамдарымның қасындамын, отбасымыз тату-тәтті. Сіңілілерім де тәртіпті болып өсіп келе жатыр. Маған мамам айтады, ең бастысы сен жақсы, тәрбиелі болуың керек, сіңілілерің саған қарап өседі дейді. Алдыңғы дөңгелек қайда дөңгелесе, соңғысы сонда дөңгелейді дейді. Сондықтан, мен де олардың айтқанын істеймін, тәртіпті болуға тырысамын. Менің анам бізге қатты қатал емес, үнемі әңгімелесіп, бізбен ашық сөйлеседі. Еркелетеді.

Ал, әкеміз біз үшін ең адал дос сияқты. Біз кез келген қажетімізді папамызға айтамыз, ол бәрін шешіп береді. Әкеміз үйге кіргенде қуаныш қоса кіретін сияқты, бәріміз мойнына асылып, еркелейміз. Ол күнде үйге келерде бізге тәттілер ала келеді. Үстел басында отырғанда да папамыз бізбен ойнап әңгіме айтып, күлдіріп отырады. Мен өзімнің ата-анамның осындай керемет жандар болғаны үшін Аллаға мың алғыс айтамын. Олардың амандығын тілеймін. Отбасы бақытты болса, бала да бақытты болады деп ойлаймын.

Құрметті Сәтбаев қаласының тұрғындары, жастар, студенттер, оқушылар! өз отбасыңыз туралы, ата-анаңыз туралы өз ойыңызбен бөліскіңіз келсе, біз сіздердің хаттарыңызды күтеміз. Хатты біздің электронды поштаға dom.d2017@mail.ru, немесе, Кұсайынов көшесі 8, Достық үйіне әкеліп тапсыруларыңызға болады.

Айнаш Бегім.

Комментарии закрыты.