Қала кеші көңілді

Мәдени-сауық орталығы жанындағы «Купрум» үрмелі оркестрі қаламызда кешкілік концерт беруін жалғастыруда. Өткен аптада Ерден көшесі 207 үйдің ауласын думанға бөлеген өнер ұжымы алғыс арқалап қайтты.

Апта сайын тұрғындардың сұрауымен қала кешін думанға бөлеген оркестрдің репертуары өте бай. Қазақтың халық әндерінен бастап халық композиторларының әндері, қазіргі әндер мен орыс және шетел сазгерлерінің классикалық шығармалары тыңдарман көңілінен шығып, жүрегінен орын алуда. Он бес адамнан тұратын өнер ұжымының дирижері – өз ісінің майталманы Анатолий Карпенко.

– Музыканттар арасында өндірісте еңбек ететіндер, студенттер мен басқа да кәсіп иелері, оқушылар мен зейнеткерлер бар. Былтырдан бастап аулаларда концерт қоюды бастадық. Көпшіліктің алғысын алудамыз. 2014 жылы қала әкімдігінің қолдауымен жаңа аспаптарға ие болдық. Кеңес заманынан келе жатқан ескі аспаптарды өзіміз жөндеп ала береміз. Барлығы қайта жаңғыртудан өткен, – деген А.Карпенко Қарағанды музыка училищесінің түлегі. Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияда білім алған ол жиырма жылдан астам қаламыздағы музыка мектебін басқарды. Кезінде сазгер, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, ҚазССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ғ.Жұбанованың қолынан диплом алған адам.

Өткен жылы Қарағанды қаласында облыстық фестивальге қатысқан купрумдықтар өнерсүйер қауымды тәнті еткен еді. Алдағы уақытта да ел ықыласына бөлене берері анық.

Мира ШАХАТ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.