Тіл тәрбиеден басталады

Қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімі жылда дәстүрлі түрде өзге ұлт өкілдері балаларының арасында «Білгенге – маржан» атты тіл сайысын өткізіп келеді. Мемлекеттік тілдің дәрежесін арттыру мақсатында өткізілетін байқауда биыл қала мектептерінің 6-7 сынып оқушылары №14 М.Әуезов атындағы орта мектептің қабырғасында сайысқа түсті.

С.Сейфуллин атындағы гимназияның «Жас қыран», №1 мектеп-гимназияның «Ғибрат», №2 орта мектептің «Тарлан», №4 Абай атындағы мектеплицейдің «Жас қыран», №5 орта мектептің «Мұрагер», №12 орта мектептің «Жас Отан», №14 орта мектептің «Зерде», №15 ора мектептің «Жас ұлан», №25 орта мектептің «Алау» тобы сайыста мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.

«Сайрайды күміс қызыл тіл» атты бірінші бөлімде әр топ өздерін таныстырды. Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі бай мұралардың бірі – мақалмәтелдер. «Ойнайық та ойлайық» атты бөлімде әр топ берілген тақырыпқа сай мақал-мәтелдер құрап, кейбір топтар сайыстың бұл бөлімінде әжептәуір білімдерін көрсетті. «Ән – көңілдің ажары» атты үшінші бөлімде қазақ елінің асқақ рухын, жазиралы кең даласын бейнелейтін әсем әндер шырқалды. Бұл бөлімде №5 орта мектептің «Мұрагер» тобының өнері көпшіліктің көңілінен шықты.

Сайыстың қорытындысы бойынша «Сайрайды күміс қызыл тіл» номинациясын «Жас қыран» тобы, «Ән – көңілдің ажары» номинациясын «Мұрагер» тобы, «Ойнайық та ойлайық» номинациясын «Жас Отан» тобы иеленді. Ал, «Ғибрат» тобы ең үздік деп танылды. Жеңімпаздарды қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Қ.Жарылғапова марапаттады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы Жолдауында да, биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында да 2020 жылға дейін мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 98 пайызға жетуі қажет екендігін баса айтты. Олай болса, мемлекеттік тілді меңгертудегі мұндай сайыстардың берері мол деп білеміз.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.