Кәсіпкерлік пен қауіпсіздікке назар аударды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған 10 міндетін жан-жақты түсіндіру аясында халық қалаулылары аймақтарды аралап, кездесулер өткізуде. 10 тармақтан тұратын мемлекет басшысының жұмыс бағыттары елдің тұрмысын жақсарту үшін халықтың табысын арттыруға, сыбайлас жемқорлықты жоюға, сот және құқық қорғау жүйесін реформалауға, тағы да басқа ел қажетіне бағытталған. Экономика, әлеуметтік- мәдени салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, көп балалы отбасылармен кездесу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров Жезқазған аймағына іс-сапармен келді.

Жұмыс сапары барысында халық қалаулысы жергілікті билік өкілдерімен бірге қаламыздағы «Ахтямов» шаруа қожалығының құс фабрикасына барды. Жезқазған аймағын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отырған фабриканың тыныс-тіршілігімен таныстырған Ринат Ахтямов 2016 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында бүгінгі таңда жүз мыңнан астам тауық өсіріліп, олардан күніге орташа есеппен он төрт мың жұмыртқа өнімі өндірілетінін атап айтты. Кәсіпкер кәсібін дөңгелету үшін мемлекет тарапынан «Даму» қоры арқылы несие алып, жұмысын жандандырып отыр. Сонымен қатар, жас кәсіпкер қала тұрғындарын жұмыспен қамтуда. Сенат депутаты Рысқали Қалиақбарұлы жас кәсіпкердің ісін оң бағалап, мемлекет тарапынан берілетін түрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, әрі қарай кәсібін кеңейтуге кеңес берді. Тұрғындарды көптеп жұмысқа тарту мәселесін қарастыруды құлаққағыс етті.

Мұнан соң сенатор Полиция бөліміне атбасын бұрып, тәртіп сақшыларымен кездесіп, қылмысты ауыздықтау барысындағы Полиция бөлімінің ахуалымен танысты. Сөз кезегін алған Сенат депутаты Жолдауда еліміздің алдағы дамуы, әрбір отбасының әл-ауқатының жақсаруы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері айқын белгіленгенін атап кетті.

– Азуын айға білеген мықты мемлекеттердің өзі ішкі тәртібі темірдей, саясаты сарабдал болса ғана қадамын нық, еңсесін тік ете алады. Мемлекеттік маңызы зор бағдарламалар мен жыл сайынғы Жолдаулардың да жүзеге асуы үшін қоғам тыныштығының септігі орасан, – дей келе, Полиция қызметкерлерін антына берік, кәсібіне адал болуға шақырды. Маңызды және сындарлы тақырыптар көтерілген жиын соңында Рысқали Қалиақбарұлы қала қауіпсіздігін сақтау мақсатындағы шараларды күшейтуді тапсырды.

Алтынгүл Төлегенова.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.