Жеті баланың анасы

Ол баланың бал күлкісінен қуат алатынын айтады. Он алты жасында тұрмысқа шығып, небәрі отыз екі жасында жетінші баласы Әзілханды дүниеге әкелген Майра Маханова бесіктегі бөбегі мен отбасының берекесін қатар тербеткен батыр аналардың қатарында.

– Жолдасым Абзал тоғыз жас үлкен. Алып қашып кетті. Он ағайынды үлкен әулетке келін атандым. Көп ұзамай үлкенім Айбатыр дүниеге келді. Биыл тоғызыншы сыныпты бітіріп, технологиялық колледжге құжат тапсырып қойды. Шүкір, басқа балаларым да өсіп келе жатыр, – деген Майра өмірдің бет қаратпайтын дауылдарына қарсы тұра білген қайсар қыз. Олай дейтініміз, кішкентайынан «Мерей» балалар үйінде тәрбиеленіп, көп қиындық көрді. Маңдайынан сипайтын жан таба алмай, мейірімге шөлдеді, жалғыздықтан шаршады.

Қамыққанда жанында арқа сүйер жақыны болмады. Сондықтанда болар, көп балалы болуды армандағаны.

Майра балаларын дүниеге әкеле жүріп, арасында білім алуға да уақыт тапты. Қаламыздағы №1 кәсіби училищеде дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқып алды. Жоғары білім ала алмадым, қатарыммен тең жұмыс жасамадым деген өкініштен ада. «Болашақ алда. Бала-шағам өссін» деген ниетте.

Пәтер мәселесінде де қиындық көріп, тентіреген көп балалы ананың арманын «Харакет» қайырымдылық қоры жүзеге асырды. Өткен жылы Гурба көшесіндегі үшінші үйден пәтер кілтін табыстады. Мемлекет тарапынан да қолдауға ие болып, балалардың жәрдемақысын толықтай алуға мүмкіндік туды. Ендігі алаңдатып отырғаны бес жастағы Айбар ұлының денсаулығы. Басына ет өскен деген диагнозбен талай емхананың табалдырығын тоздырған Майра бүгінде шарасыз күйде. Үлкен қалаға барып ем алуға, толық қаратуға қаржы жағы қолбайлау болуда.

– Басыма жеке баспана алып берген «Харакет» қорындағы қайырымды азаматтарға алғысым шексіз. Алланың берген балаларын дүниеге әкелуге тырысып жатырмын. Көп көрмесін. Барлығы аман болсын! Қыз бала жат жұрттық болғандықтан, ана атанудың ерте-кеші жоқ. Керісінше, үлкен бақыт. Әрқайсысының өз несібесі бар. Сондықтан болар, қорыққаным жоқ. Енді міне, балалардың арқасында қиындықтарды жеңіп келеміз, – дейді Алтын алқа иегері.
Айбатыр, Айбарыс, Айғаным, Айболат, Айтолқын, Айбар, Әзілхан атты сүйкімді бүлдіршіндер бүгінде ата-анасының қолғанаты, қорғаны, мәні мен сәні. Есті де өжет, өнерлі болып өсіп келеді. Ғұмырлы болсын дейміз.

Комментарии закрыты.