Бәріміз – Букроссингке!

Букроссинг (ағылшын тілінде «кітаптың айналыста жүруі) – «өзің оқысаң, өзгеге табыс ет» қағидасына негізделген хобби мен адам және кітап арасын жақындататын, кітап оқуға шақыратын қоғамдық қозғалыстардың бірі.

Буккроссингтің ережесі бойынша, кез-келген адам өзі оқып бітірген бір кітабын қоғамдық көпшілік орындарда (саябақ, кафе, кітапхана және т.б.) қойып кете алады, кейін бұл кітапты тауып алған басқа адам оқиды, оқып болған соң, ол да сол кітапты орнына тастап кетеді, дәл осылай ол кітапты басқа оқырман оқи алады. Бұл қоғамдық қозғалысқа қатысушыларды “буккроссерлер” деп атайды.

12 шілдеде Орталық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Мәңгілік ел алаңында «Оқы және өзгеге сыйла» атты буккроссинг акциясы өтті. Ондағы мақсат – көркем әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмай, өз оқырманын табуына ықпал ету, тұрғындардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру. Бұл күні қала жұртшылығына ұсынылған кітаптардың сыртына «Кітап сені қызықтырса, бетін ашып оқы!» деген стикер жабыстырылды.

Айналасы бір сағатқа жетер-жетпесте қойылған орындарында бір де бір кітап қалмай, осы мақсатқа бөлінген елуден астам кітап өз оқырмандарын тапты. Олардың қатарында Томас Гарди «Тэсс из рода Эрбервиллей», Нина Берберованың «Железная женщина», Аркадий Гайдар секілді орыс, шетел классиктерінің шығармалары ұсынылды.
Оқырман өзі туралы мәліметтерді кітапхананың Librаry-satpaev@mail.ru электронды поштасына, инстаграмм желілеріндегі парақшаға жібере алады. Сонымен қатар, мобильді кітапханана қорапшасы әзірленіп, қала тұрғындарына ұсынылды. Шара соңында тұрғындар акцияның жиі өтіп тұруын қалайтындарын білдірді.

Маржан Асылбек,
кітапханшы.

Комментарии закрыты.