Қазақи құрмет

Қаңтар айының басында Оңтүстік Кореядан бірнеше студент Сәтбаев қаласының мәдениетімен, тарихымен танысуға туристік сапармен келген болатын. Қала халқының қонақжайлығы ұнағандығы сондай, жаз түсе қайта оралатын ниеттерін білдірген болатын.

Уәде еткендей, корей халқының саяхаттаушы тобы Сәтбаев қаласына қайта оралды. Оларды қала тұрғыны, өмірінің ширек ғасырын білім беруге арнаған зейнеткер ұстаз Рымтай Жұмабайқызы қарсы алып, қонақ­жайлығымызды көрсеткен екен. Қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен танысып, Қазақстан халқының тыныс-тіршілігін қызықтаған корейліктер, Алматы, Қарағанды сынды ірі қалаларды аралап, Сәтбаев қаласына атбасын тіреген.

Рымтай Жұмабайқызы олармен кеншілер ала­ңында кездейсоқ жолығып қалып, әңгімеге тартқан. Корея мемлекетінің Сеул қаласынан шыққан топта, жалғыз ғана Чу Йонг орыс тілінде аздап сөйлейді екен. Чу Йонг өзінің атын қазақшаға аударғанда Сара болатындығын айтады. Рымтай апа туристерді қаламыздағы мәдени ошақтың бірі – Достық үйіне ертіп келді. Достық үйі әр келген қонақты құшақ жая қарсы алуға әрдайым дайын. Корей саяхатшыларына әр ұлттың этно орталығынан көрініс ретіндегі музейді, шағын кітапхананы және «Шындық» қоғамдақ бірлестігінің қалалық ақындарын таныстырып, үш жүздің басы қосылған қасиетті Ұлдытау топырағы жай­ында тарихтан әңгіме айтты. Меймандар Сұлтан Оразалиновтың «Абай елі» атты үш тілде жазылған кітабының ағылшынша жазылған деректерін оқып таң қалысып, қазақ халқының тарихын құрметтейтіндіктерін жеткізді.

Қонақтарға кішігірім дас­­тархан жайылып, бау­ыр­­сақ пен тәтті шай ұсынылды. Рымтай Жұмабайқызы ұлттық салт-дәстүріміз бойынша туристердің жасы үлкенінің иығына шапан жапты. Қонақтар ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтумен қоштасты.

Қазақ халқы әрдайым осындай кеңдігімен ерекшеленеді ғой, қонақ келсе соңғы малын сойып салатын дархан көңіл әлі де қанымызда баршылық. Оған дәлел, үйде отырған зейнеткер апамыздың «Кореядан келген қонақпыз» деген балаларды көшеден кездестіріп, көңілі алып ұшып, қонақжайлылық көрсетіп, жатын орын да тауып беріп, бір қуырым бауырсағын дайындап мәдени орталыққа ертіп келгендігі емес пе! Бойында қазақтың қасиеті аңқып тұрған, жас ұрпаққа үлгі болатын осындай аналарымыз барда, қазақ халқы ешқашан төмендемек емес.

Айнаш Бегім.

Комментарии закрыты.