Мемлекеттік тілде сауатты іс жүргізу – уақыт талабы

Қай мемлекет болмасын, оның ең әуелі ұлықтайтын тілі – әрине мемлекеттік тіл. Ол – әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің басты белгілерінің бірі, ұлттық саясатының көрсеткіші. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан, тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие.

Мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот төрелігін және іс қағаздарын жүргізу тілі ретінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі заң жүзінде бекітілген. Қазақстан халқын біртұтас ұйытудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңның 13-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі мемлекттік тілмен тең қолданылады. Қазіргі кезде сотта іс жүргізу көбінесе орыс тілінде жүргізіледі. Оның себебі АІЖК-нің 14-бабына сай ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Яғни, талап арыз қай тілде берілсе, іс тек сол тілде жүргізіледі. Ал, іс жүргізу тілін білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта аудармашының қызметін тегін пайдалану қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, әрине, кездесетін қиындықтар да бар. Мысалы, қазақ тілінде жазылған арызға тіркелген құжаттардың басқа тілде болуы, іс бойынша жасалған сұраныстарға басқа тілде жауап берілуі. Мұндай кездерде арыз берушіге басқа тілдегі құжаттардың аудармасын тіркеу ұсынылады, оған мүмкіндігі болмағанда аудармашының көмегімен құжаттардың аудармалары жасалады. Немесе, сотқа талап арызды орыс тілінде беріп, алайда істі сотта қарау барысында талапкердің өзі мемлекеттік тілде түсінік беруді қалайтындарын, ал талап арызды басқа құжаттар орыс тілде бергенін айтып жататын жағдайлар да кездеседі. Бұдан мемлекеттік және басқа да мекемелерде келісім-шарттар жасағанда, құжат алмасқан кезде әлі де болса мемлекеттік тілден гөрі орыс тілінің басым қолданылатыны аңғарылады. Бұған себеп қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуімен қатар, бұрынғы үйренген қалыппен жүруіне бейім тұратыны, өзгеріс енгізуге немқұрайлылығы да себеп болып жатады. Қалай болғанда да, сотқа талап арыздарды мемлекеттік тілде беруге сот процесі барысында мемлекеттік тілді түсінік беру мүмкіндігіне шектеу жасалмауы қажет.
Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, отансүйгіштіктің, ұлттық намыстың мәселесі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік кызметшілерге жүктеліп отырған міндет зор. Сондықтан, сотта істерді қарау барысында мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болу қажет. Соттардың іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруге, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Қазақстан Республикасының заңынын талаптарын орындауға бағытталған жұмыстары нақты нәтижесін беріп отыр.
Қазіргі кезде мемлекеттік тілді білуге, қастерлеуге деген талап күннен-күнге жоғарылап келеді. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлер ана тілінде сөйлеп, ана тілінде сауатты жаза білуге, сөйтіп өзге ұлт өкілдеріне үлгі-
өнеге көрсетулері тиіс.
Сәтбаев қалалық сотында да мемлекеттік тілдің қолданылуын дамыту мәселесі бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, барлық кіріс, шығыс қағаздары, ішкі ұйымдастырушылық құжаттар-өкімдер, анықтамалар қазақ тілінде толтырылады. Жиналыстар мен дөңгелек үстелдер, семинарлар, жедел кеңестер мен олардың хаттамалары қазақ тілінде жүргізіледі. Облыстық сот пен басқа аудандық, қалалық соттарға, облыстық сот кеңсесіне жіберілетін құжаттар мемлекеттік тілде жолданады. Басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, азаматтардың арыз-өтініштеріне де, берілу тіліне қарамастан, мемлекеттік тілде жауап беріледі.
Бүгінгі күні мемлекеттік тіл мәселесі аса зор қоғамдық және саяси маңызды ие болып, ардың ісіне айналып отыр. Елбасымыз атап көрсеткендей, Қазақстан болашағы – қазақ тілінде. Олай болса, еңсесі биік елдер қатарына қосылуды мұрат тұтқан біздер үшін Ананың тілі – жүректің үні, ұлттық рухы, абыройы, болмыс-бітімі. Туған тіліміздің өсіп-өніп, өркендей беруі, тамырын терең жайып, мәңгі құламайтын бәйтерекке айналуы, шын мәнінде, өз тұғырына көтеріліп, қоғамымыздан айықты орнын алуы үшін күресуден асқан міндет жоқ.
Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да, қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Демек, әр адам тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануына қарсы тұруы тиіс.
Ендеше, ана тіліміздің асылын ардақтап, оның інжу-маржанынан сусындай білейік. Тоқсан рулы елдің дауын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеген ата-бабаларымыздың дәстүріне сай жүйелі сөйлей білсек бәрімізге де абырой. Жалпы, Қазақстан топырағында тұратын әрбір азамат, мемлекеттік тіл – қазақ тілін өзіне тірек етіп, ол тілді жүрегімен сүюі тиіс. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде екенін ұмытпайық.

К.ТЕМБАЕВА,
Сәтбаев қалалық
сотының бас маманы.

Комментарии закрыты.