Жезқазған аймағымен танысты

Жұмыс сапарымен Жезқазған-Ұлытау аймағына келген облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов әуежайда тікұшаққа отырып, тура Алашаханның кесенесіне тартты. Сосын Жошыханның кесенесінде болды. Тарихи тұлғаларға тәу еткен облыс басшысының сапары Ұлытауға ұласты.

Онда ол «Мемлекет тұтастығы мен Қазақстан халықтары бірлігі» монументін тамашалап, жаңадан салынып жатқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мөлтек ауданының құрылысымен танысты. Бұдан екі жыл бұрын құрылысы қолға алынып, биыл пайдалануға беру жобаланып отырған «Хандар алаңы» тарихи кешені құрметті қонаққа әдемі әсер қалдырды.

«Көктөбе» мөлтек ауданындағы тірлік те облыс басшысының көңілінен шықты. Мұнда алты үй салынған. Төңірегін сәулеттендіру жұмыстары аяқталғаннан кейін таяуда оларда қоныс тойы жасалады. Аудан өмірінде үстіміздегі жылғы елеулі оқиғаның бірі болғалы отырған «Асан қайғы» ескерткішінде болғаннан кейін облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов аудан активімен кеңес өткізді.

Түстен кейін облыс әкімі мінген тікұшақ кеншілер қаласындағы өндірістік алаңға қонды. Оны күтіп алған қала басшылары мен қасында болған басқа да қадірлі қонақтар Оңтүстік Жезқазған кенішіндегі №65 алып шахтаға атбасын тіреді. Облыс әкімі өр тынысты өндірістегі өркенді істермен танысты. Забойда кеншілермен кездесіп, кеңес құрды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Эдуард Огай облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді.

Облыс әкімі кеніштегі сапарынан кейін Сәтбаев қаласының бірнеше нысандарымен танысты. Өңір басшысы «Қазақмыс» корпорациясының спорттық-сауықтыру кешенінде болып, спорт ғимараттарын аралады.

Сонымен бірге, А.Құсайынов кеншілер қаласында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатқан Шаталюк көшесі бойындағы 48 пәтерлі тұрғын үйде болды. Құрылыс алаңында сұхбаттасып, әлеуметтік маңызы бар бұл нысанды уақытында іске қосу керектігін нақтылап айтты.

«Қазақмысқа» қарасты Сәтбаевтағы технологиялық колледж компанияның тау-кен өндіріс орындары үшін қажетті мамандар дайындайтын бірден-бір оқу орны. Бұл жерде оған қоса корпорация кадрларының білімін жетілдіру орталығы да орналасқан. Облыс басшысы колледждің зертханаларын, тренажер кабинеттерін аралап, оқу орнының оқытушылары, шеберлерімен әңгімелесті.

Облыс әкімі қаладағы «100 мектеп, 100 емхана» президенттік бағдарлама аясында салынған №15 орта мектепте болды.

Сәтбаев қаласы өткен жылда облыста алғашқылардың бірі болып «Коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасын іске асыра бастады. Соның аясында «Изумруд» пәтер иелері кооперативінің екіқабатты бес үйі күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болды. Әбілғазы Құсайынов қаламыздың Бөпежанов көшесіндегі №2 үйдің тұрғындарымен кездесіп, олардың қазіргі тұрмыстық жағдайларымен танысты. «Изумруд» ПИК-нің басшысы Любовь Луцюк мәртебелі қонаққа биылғы жылда тағы 10 үй осындай жаңартудан өтетін хабарлап, бағдарламаны іске асыру жұмысы жалғасатынын айтты.

Думан ДУЛЫҒАЛЫ. Мәди ӘЛЖАППАРОВ.

Комментарии закрыты.