Ауыл тұрғындарымен кездесті

Елбасының Жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында жыл сайын есеп береді. Осындай кезекті кездесуді өткен аптада қала әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева Сәтбаев ауылының тұрғындарымен өткізді. Бұл кездесуге Жезқазған кентінің әкімі Е.Құсайынов, мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, Сәтбаев ауылының мектеп директоры А.Садуақасов қатысты.

Қала әкімінің орынбасары ауыл тұрғындарына 2011 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

– Өздеріңізге белгілі, 2011 жыл біздің еліміз үшін ерекше жыл болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ісшараларға Сәтбаев қаласы да белсене қатысып, өткен жылды жоғары деңгейде, жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Атап өтетін жайт, өткен жылы Елбасының тапсырмасымен Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың кешенді жоспары дайындалды. Сонымен қатар, былтырғы жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылып, осы бағдарлама бойынша 56 адам оқытылды. Бұл жұмыс биыл да өз жалғасын табады, – деді Марал Сағынайқызы.

Осыдан соң Марал Мәдиева Елбасының биылғы жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауына шолу жасап, оны жүзеге асыру барысында атқарылатын жұмыстар жөнінде мағлұмат берді.

– Елбасы Жолдауларының басты бағыттарының бірі – білім саласы. Осы орайда, Елбасы тапсырмасының нәтижелерін ауыл балалары да көруде. Оған дәлел, мектептеріңізде «Электрондық оқыту» бағдарламасы бойынша әр оқушының жеке компьютерлерге қол жеткізуі, – деді қала әкімінің орынбасары.

Ауыл тұрғындары тарапынан басшылыққа бірқатар сұрақтар қойылды.

Зейнеткер Райхан Құрманбаева:

– Бұрындары бізге зейнетақыны пошта алып келіп тұратын. Биылғы жылдан бастап олар банкоматқа ауысыңдар деп жатыр. Біздің ай сайын қалаға барып, банкоматтан ақша алуға жағдайымыз жоқ. Неге пошта зейнетақыны алып келуден бас тартты?

Марал Мәдиева:

– Біз поштаның басшылығымен сөйлесіп, бұл сұрақты жақын арада шешеміз.

Еңбек ардагері Бақтыбай Қабжанов:

– Біздің тұрып жатқан үйлеріміз ескірді. Менің үйім өзеннің жиегінде орналасқан, суға құлап кету қаупі бар. Сәтбаев қаласында 18 пәтерлі үй беріліп жатыр дедіңіз. Олар кімдерге беріледі?

Марал Мәдиева:

– Ол «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кезекпен ғана берілетін үй.

Ауыл тұрғыны Талғат Айдарбеков:

– Бірнеше үй бір жыл бұрын телефон орнатуға өтініш беріп, ақшасын төлеп қойған едік. Әлі күнге орнатпай жатыр, қашанғы күтеміз?

«Қазақтелеком» АҚ қызметкері Жанна Мажитова:

– Биылғы жылдан бастап сымсыз телефон орнату жоспарланып отыр. Наурыз айында сіздердің ауылдарыңызға да міндетті түрде орнатамыз.

Зейнеткер Төлеутай Мустафина:

– Бізді алаңдататын сұрақ – су мәселесі. Бір ай болды бізге су таситын машина сынып сусыз отырмыз, қарды ерітіп күн көрудеміз. Сусыз әлі қанша уақыт отырамыз?

Жезқазған кентінің әкімі Ербол Құсайынов:

– Машина жөнделді. Ертеңнен бастап ауылға су келетін болады. Оған уәде береміз.

Кездесуде халықты толғандырған бірқатар сұрақтар өз шешімін тапты. Тұрғындар басшылыққа рахметін айтып, жұмыстарына жақсы деген баға берді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.