Кәсібін терең меңгерген

Шығыс СарыОба кенішінде өз кәсібін терең меңгерген еңбек адамдары жетерлік. Солардың қатарында алтыншы разрядты жүргізуші Ақансері Қырқынбаев бар.

Өндірістегі алғашқы еңбек жолын 1999 жылы Солтүстік Жезқазған кенішінде бастаған ол он жеті жыл бойы жобалық қуаты тоқсан тонналық САТ-777 көлігін тізгіндеді. Табысын маңдай терімен тауып, жанын салып жұмыс істейтін адамды кім жек көрсін. Мінезі салмақты, ісі тындырымды жігітті ешкім сыртқа теппеді.

– Еңбек ұжымына бірден бауыр басып кеттім. Достарым да, жанашыр жандар да жетерлік. Өндірісте жүріп, абыройға бөлендім. Бізде қолайлы еңбек жағдайы жасалған. Қауіпсіздік техникасына баса мән береміз. Жұмыс орнын қауіпсіз жағдайға келтіріп барып іске кірісеміз. Бос уақытта спортқа көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Жастар одағы қоғамдық бірлестігі, «Еңбек» кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған шаралардан қалмаймыз.

Ақансері Мұхамедиярұлының бұлай деуінің себебі жоқ емес. Атағы жер жарған кеншілер мектебінде шыңдалып, тәжірибе жинақтаған жас жігіт еңбекте де жетекшілері секілді алдыңғы шептен табылды. Соның дәлеліндей марапаттары жетерлік. Бірнеше рет басшылықтың Алғыс хаты мен Құрмет грамотасына ие болды.

– Бүгінде кеніш әкімшілігі жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударуда. Отбасымызбен бірге демалыс орындарына барып қайтуымызға толық жағдай жасалған. Көрсетілген басқа да әлеуметтік көмектерге разымыз. Өндірістің сырттай қарағанда қиындығы білінбейді ғой. Шындығында кен тасымалдау жұмысына ақыл-ой өте қажет. Іске кіріспей тұрып ойланып алған дұрыс. Учаскеде өз ісінің шеберлері жетерлік. Бұрғылаушылар, жүргізушілер мен кен тиеушілер секілді жас мамандар сапаны танытатын еңбек жарыстарында жоғарғы көрсеткіштерге жетуге тырысады, – деген ол жүктелген күрделі тапсырмаларды жүзеге асырып, қиындықтарды еңсеру жолында тәжірибесін, білімі мен білігін, кәсібилігін аямай жұмсауда.

2016 жылы Шығыс СарыОба кенішіне ауысқан тұста бағытынан жаңылған жоқ. Бүгінде АД-45 секілді алып техниканың тілін еркін меңгерген шебердің табысты тасқындатуға үлес қосып жатқан жайы бар. Жастардың біліктілігін үштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жаңдайдың алдын алып, қырағылық таныта жүреді.
Бүгінде өндірістегі ізін бауыры Ғани Қырқынбаев жалғастырып, шахта проходка тресінде CАТ-777 кен тиеу машинасының жүргізушісі ретінде аянбай тер төгуде. Осы ретте Қырқынбаевтарды кеншілер әулеті деуге толық негіз бар.

Кейіпкеріміз жұмыста табысты тасқындатқан еңбеккер болса, отбасында асқар таудай әке. Зайыбы Гүлнұрмен бірге төрт бала тәрбиелеп, өсіруде. Оларға айтар ақылы, көрсетер ұлағаты аз емес.
Бүгін, 26 шілде – кәсібін терең меңгерген кенші Ақансері Қырқынбаевтың төл мерекесі. Яғни, шыр етіп жарық дүние есігін ашқан күні. Қырықтың бесеуін бағындырған туған күн иесін Солтүстік Жезқазған кенішіндегі «Еңбек» кәсіподағының, Жастар одағының төрайымы Зәуреш Исмағұлова құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Осындай ақжарма тілектерге біз де қосыламыз.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.