Көпке рухани азық берді

Қала тұрғындары өткен жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған күніне арналған Мәуліт мерекесін атап өтті. Ұлы Пайғамбарымызға мадақтаулар мен салауат айтылған кешке ҚМДБ Жезқазған аймағы бойынша өкіл имам Қондыбай қажы Акбаров, Сәтбаев қалалық Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Абдірахманов, қаланың Құрметті азаматтары, дінге жанашыр жандар қатысты.

«Тәлімі мінсіз тәлімгер» атты рухани кеш барысында Қасиетті Құран Кәрімде жазылған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ға арналған сәлемдер мен мақтауларды араб тілінде Жезқазған аймақтық сауат ашу курсының ұстазы Әлімхан Исманов, Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб-имамы Хамит Мырзагелдиев оқыды.

Қондыбай қажы Акбаров, Бақдәулет қажы Абдірахманов жиналған көпшілікті меркемен құттықтап, Хақ тағаланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с)-нің өнегелі өмір жолынан сыр шертті.

Қала тұрғындарын Мәуліт мерекесімен құттықтауға келген эстрада жұлдызы Құрмаш Маханов жас-кәріні діни әндермен сусындатты. Астанадан кешке арнайы шақыртылған жас ақындар – Мейіржан Әлібеков, Жандарбек Бұлғақов әдемі айтыс жасаса, қарағандылық айтыскер ақын Дидар Хамиев «Ана туралы» термемен жаңа қырынан танылды. Мешіт шәкірттерінен құралған топ «таухид» әндер орындады.

Қаламыздағы Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіт қаланың оқушы жастар арасында Жаратушы Алла тағаланы ұлықтау және оның сүйікті әрі соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) өнегелі өмірін насихаттау мақсатында шығарма, мүшайра жазудан жарыс өткізіп келеді. Биылғы шығарма жазудан жарыс 14 пен 20 жас аралығындағы оқушы жастар арасында «Ақида ілімінің шамшырағы – Имам әбу Мансур әль-Матуруди» деген тақырыпта өтті. Мерекеде осы шығарманың жеңімпаздары, сонымен қатар, дінге жанашыр бір топ азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Шығарманың бас жүлдесін С.Сейфуллин атындағы гимназияның оқушысы Абай Аманкелдіұлы жеңіп алды.

Мәдени-сауық орталығының театр бөлімі дайындаған діни көрініс көпке ой салды. Жалпы алғанда, діни кеш көпшілікке рухани азық сыйлады.

Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.