Ақжелеңді ардагерлерге құрмет көрсетілді

Әрбір адамның ғұмыры табиғаттың төрт маусымындай ерекше 4 кезеңнен тұрады. Бақытты балалық шағы, жалындаған жастық кезеңі, бойындағы күш-қайраты тасыған орта жастағы шағы, кемелденіп, өмірден бай тәжірибе жинақтап, жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеп отыратын әдемі қартаю шағы.

Міне, сол төрт кезеңнің төртіншісі – әдемі қартаю шағы – ең бір ерекше кезең. Бұл кезде адам өзіне құрметті, ізеттілікті қажет етеді. Жасы ұлғайған жандар үшін жылы қабақ пен ыстық ықыластың өзі жандарын жадыратып, үлкен қуаныш сыйлайды емес пе?! Осы мақсатта қаламыздағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Омаров пен Орталық аурухана ардагерлер кеңесінің төрайымы Майра Шахайқызының бірлескен жобасы ақжелеңді ардагерлерге естен кетпес кеш сыйлады. Бірлескен жоба аясында бейнеттің зейнетін көріп отырған медицина саласының ақ халатты ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Достық үйінің қабырғасында ұйымдастырылған шара қалалық әкімдіктің қолдауымен іске асырылғандығын да атап өтейік. Сала ардагерлерінің басын біріктірген жиында арнайы дастархан жайы-
лып, әдемі диалог өтті. Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік бөлімінің басшысы Гүлмира Таңсықбаева медицина саласының ардагерлерін құттықтап, адам жаны сынаққа түскен ең қиын шақтарда әр сырқаттың жанынан табылып, күн-түн демей өз қызметтерін адал атқаратын ақжелеңді абзал жандар әрқашан құрметке лайық, сіздердің еңбектеріңізді ешқашан ұмытпаймыз деген ақжарма тілегін білдірді.

Бөлім басшысы қысқаша құттықтау сөзінен кейін Күлажар Байкенжиева, Камал Ақпанбаева, Ақбілек Сугурова, Жадыра Қазанғапова, Бақытжан Сейдахметова сынды медицина саласының ардагерлеріне шаһар басшысы Асқар Ыдырысовтың атынан берілген Алғыс хаттарды табыс етті.

Концерттік бағдарламаға ұласқан басқосуда Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев өз ісінің білікті мамандарына деген ізгі тілегін білдіріп, құрмет демалысына шыққан аға буын өкілдерінің барлық бастамаларына қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.

– Бүгінгі таңда біздің Сәтбаев қаласында медицина саласы кең өріс алып келе жатыр. Оның ішінде орталық аурухана, перзентхана, жұқпалы аурулар бөлімшелері күрделі жөндеуден өткізіліп, гемодиализ бөлімшесі, күндізгі емдеу бөлімшелері ашылады деп күтілуде. Бұл қала тұрғындары үшін үлкен қуаныш, – деген Бақытжан Өміртайұлы Антонина Батищова, Елена Второва, Евгения Дышук, Наталья Пахарукова, Рамзия Сайфутдинова сынды ардагерлерге қала әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Айшықты шарада «Ақ әжелер» ансамблінің өнері, «Жарқын дауыс», «Қазақстан таланты» байқауларының бас жүлдегері Хамит Диастың орындауындағы «Аманат», «Ямайка» әндері және Ақбота Бағдатованың «Хорезм» биі ардагерлердің көңілін көтерді.

Саналы ғұмырларының 40-50 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған ақжелеңді жандардың құрметіне деген ақ тілектер аз болмады. Сондай ақжарма тілекті Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігінің басшысы Ләззат Ранова да жолдап, аймақтың денсаулық сақтау саласы тарихында өз ісінің білгірі атанған абзал жандарға риясыз пейілін білдірді.

– Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа болардай ем тауып, өміріне араша түсіп жүрсіздер. «Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» дейді ұлы ойшылдар. Сондықтан, сіздерге қала тұрғындарының денсаулығын жақсарту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – дей келіп, Шәмшібану Алимбетова, Ханзада Жанжігітова, Несібелді Маймышева, Нескен Аймағамбетова, Анастасия Бусько, Наталья Улаева, Татьяна Аболончикова, Майра Алимоваға денсаулық сақтау саласының дамуына сіңірген еңбегі үшін басқарма атынан Алғыс хатын табыстады.

Өз кезегінде ақжелеңді ардагерлер де көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, шараны ұйымдастырушы қалалық әкімдікке, ақсақалдар кеңесіне ыстық ықыластарын жеткізді.

– Осындай игі бастамада құрметке ілігіп отырғанымыз еңбектің зая кетпегені деп білемін. Иә, біз оңай жолдан өтпедік, біздің еңбек үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біз адам жанының арашасысы бола білдік, әлі де бұл жолдан алыстамаймыз. Денсаулық деген әрқашан бірінші орында тұру керек. Сондықтан, адам денсаулығын жақсартуда ерен еңбек етілуі тиіс деп ойлаймын. Ендігі кезекте жастарымыз да осы еңбек жолында адал әрі жауапты қызметті атқарса деген тілегім бар. Саламыздың қызметіне ардагер ретінде жастарды тәрбиелеу бағытында өз үлесімізді әлі де қосып келеміз. Бізді әрбір шарадан қалдырмай, құрмет көрсетіп жатады, соған ризамыз. Мұндай басқосулар біздей зейнеткерлер үшін өте маңызды, – деп тебірене сөйлеген Сәтбаев қалалық емханасында бірнеше жыл қатарынан аға медбике қызметін атқарған Антонина Батищова сала ардагерлері атынан ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Кездесу соңында медицина саласында ерен еңбек еткен ардагерлерге арналған шараның басты ұйымдастырушысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Омаров сөз алып, алтын уақыттарын бөліп келген ардагерлерге, әкімдік өкілдеріне алғысын білдіріп, бұл шара игі бастамалардың бір парасы екенін айтып, алдағы уақытта бірлескен жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.