Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – тәуелсіздігімізді нығайтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатындығын, оның алғашқы отырысын алдағы тамыз айында өткізу жоспарланғанын атап айтты.

Бұл көптің көкейіне қонымды, жұртшылыққа жағымды жаңалық ретінде әсер қалдырды. Бұған дейін облыстарда, қала мен аудандарда құрылған қоғамдық кеңестер жүйелі жұмыстарды жүзеге асырып келді. Алайда, бұл құрылымдар әр кезеңде ведомстволық бағыныштылығы тұрғысынан түрлі министрліктердің құзырында болғандықтан, кей кездерде олардың жұмысын бір арнаға тоғыстырып, ретке келтіруде қиындықтар кездесетін.

Президенттің пайымдауынша, мемлекеттік деңгейде жаңадан құрылғалы отырған Ұлттық кеңестің басты мақсаты – билік пен халықтың арасына дәнекер болу, қоғамда туындаған ең өзекті мәселелерді бірлесе, кеңесе шешу, татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті сақтау. Мұндай қадам тәуелсіздігімізді нығайтып, елдіктің еңсесін биіктетуде зор рөл атқаратынын қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі болып жүрген кезімде көз жеткіздім.

Енді мұны ұлттық деңгейге көтеріп, мәртебесін арттыруды көздеген Президенттің ұстанымы мен саясаты баршаны елең еткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының айқындаған міндеттері, Үкімет пен атқарушы билік құрылымдарына бағыттап берген тапсырмаларының қай-қайсысы да көңілге қонымды, болашағымыздың баянды, келешегіміздің кемел болуы, әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуі үшін маңызды деп санаймын.

Ержан Тоқымбаев,
қалалық мәслихаттың
депутаты.

Комментарии закрыты.