Қылмысқа жол жоқ

Ағымдағы жыл мен былтырғы жылды салыстырғанда пробация есебінде тұрған азаматтармен қайта қылмыс жасау фактілері артқан. Шалыс басып, шартты жаза тағайындалғандар ұрлық-қарлық әрекеті бойынша қайта қылмыс жасаған. Өткен аптада аталмыш жағдайға байланысты қала прокуроры Төлеубек Рымбаев полиция бөлімінде жиын өткізіп, құқықбұзушылықтың келешегіне кедергі келтіретін жайт екендігін ескертті.

Қазіргі уақытта қалалық пробация есебінде 134 адам тұр. Олардың 84-іне бас бостандығынан шектеу, 24-іне шартты түрдегі жаза тағайындалған. Ал, қалған 24 азамат көлік жүргізу құқығынан айрылғандар есебінде бақылауға алынған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, шартты жазаға кесілген азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл орайда қала прокуроры шалыс басқанға шарапат көрсетіліп, еңбек етуіне тең мүмкіндіктер беріліп отырғандығын жеткізді. Төлеубек Рымбаев бұрын қылмысты болып, қайта қылмыс жасаудың соңы темір торға тоғытылынуына сеп болатынын айтты. Жиын барысында сот үкімімен бекітілген талаптарды орындау, әкімшілік құқықбұзушылық жасамау, кешкі уақытта тұрғылықты мекен-жайда болу турасында ескертпелер айтылды. Прокурор заң нормаларын түсіндіре отырып, қоғамға бейімделудегі мәселелерді шешу бойынша өз қабылдауына шақырды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.