Мақсат – отбасын қолдау және сақтау

Өткен аптада Сәтбаев қалалық сотының төрағасы Ерлан Сексенов «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және күресу әдісі» тақырыбында БАҚ өкілдерімен конференция өткізіп, көкейкесті сауалдарға жауап берді.

– Соңғы жылдары елімізде тұрмыстық заң бұзушылық мәселесі өзекті мәселеге айналып, оның алдын алуға құқық қорғау орындары белсене кірісуде. Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде көбінесе әйел адамдар зардап шегеді. Осы орайда мемлекет тарапынан нәзік жандылардың құқығын қорғауға қаншылықты көңіл бөлінуде?

– Қоғамның барлық саласында гендерлік теңдік мәселесінің алдыңғы орынға шығуы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Елбасы Н.Назарбаев қоғамдағы әйелдердің құқығы туралы көзқарасын білдіре келе, «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» деп тұжырымдаған болатын. Осы орайда қаламызда әйелдердің құқығын қорғауға барынша көңіл бөліну үстінде. Қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын бекіту туралы ҚР Президентінің 29 қараша 2005 жылғы Жарлығында «отбасы мүшесінің заңды құқықтары мен бостандығына қысым көрсететін, оның тәнін немесе жан дүниесін қинап, моральдық зиян келтіретін отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне кез-келген қасақана іс-әрекеті отбасындағы зорлық-зомбылық болып танылатыны» көрсетілген. Демек қоғамымыз әйел адамдардың құқығының барынша қорғалуына мүдделі деп айта аламыз.

Өкініштісі сол, зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын адамдар – сол құқық бұзушының ең жақыны, жанашыры, бірге тұратын отбасы мүшелері болып жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген мұндай адам дене, психикалық, моральдық зардаптан бөлек қорғансыз болып, тығырыққа тіреледі. Оның санасында «мемлекет менің құқығымды қорғай алмайды» деген түсінік пайда болады. Сондықтан қоғамдағы нәзік жандылардың құқығын қорғауға қатысты профилактикалық жұмыстарды күшейте отырып, ешбір адамның тапталған құқығы қорғаусыз қалмайтынын көрсететіндей іс-шаралар жасауымыз керек. Осы орайда жақында қаламызда обасылық құндылық институтының жұмысы жолға қойылды. Осы ретте азаматтық хал актілерін жазу бөлімі, Қазақстан халықтарының ұлтаралық келісім орталығымен үшжақты меморандумға қол қойдық.

– Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнінде қабылданған заңдар қандай міндеттерді көздейді?

– Шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайын жасау; жәбірленушіге көмек көрсету, оның ішінде ақпараттық, құқықтық, психологиялық және тағы басқа көмек түрлері, және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану. Сондықтан заңдық тұрғыдан тұрмыстық құқық бұзушылық кезінде іске асуы тиіс жұмыстар қамтылған деп айта аламыз. Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесімен айналысатын түрлі үкіметтік емес ұйымдардың саны мен белсенділігі артып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынуда. Жасөспірімдер мен отбасына қатысты істерді қарайтын арнайы мамандандырылған соттар да құрылып жатыр. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себеп-салдарына тереңірек үңіліп, алдын алу жұмысының арқасында оның деңгейін төмендетудің барлық шаралары жасалуда.

– Тұмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көргендер не істеуі керек?

– Үндемей қалуға болмайды. Оның құрбандары немесе куәгерлері ішкі істер органдарына арызбен жүгінуі керек. Оларда жәбірленушілерді мамандандырылған дағдарыс орталығына бағыттау құқығы бар. Ішкі істер органдарына немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалғаны туралы арызбен полицияның учаскелік инспекторына немесе сенім телефондарына хабарласу қажет. Көбіне әйел адамдар шағымданып алып, ертесінде арызын қайтарып алып жатады. Біз де барынша екі жаққа кеңес беріп, отбасы беріктігін бұзбауға тырысамыз.

– Бірінші жарты жылдықтың қорытындысымен таныстыра кетсеңіз.

– Сот өндірісіне азаматтық істер бойынша 1561 талап-арыз келіп түсті. Оның 1035-і қозғалып, 1572-і аяқталды, 9-ы тоқтатылды, 131-і біріктірілді. Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен 4 іс бойынша сот шешімі өзгертіліп, 2 іс шешімі бұзылды. Қылмыстық істер бойынша 102 тұлғаға қатысты 87 іс келіп түсті. 91 тұлғаға қатысты 77 істің өндірісі аяқталды. Оның ішінде 64 тұлғаға қатысты 57 іс бойынша үкім шығарылып, 18 тұлғаға қатысты 17 іс қысқартылды. 13 тұлғаға қатысты 11 іс бойынша сот үкімдеріне апеллияциялық шағым түсіп, 7 тұлғаға қатысты 9 іс өзгеріссіз қалдырылды. 575 әкімшілік іс қаралып, 281 адамға айыппұл салынып, 15-іне ескерту жасалды. 49 іс қысқартылды. Қарағанды облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасына түскен 17 істің 9-ы өзгеріссіз, 3-і өзгертіліп, 5-і күшін жойды.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.