Атқарылар істерге тоқталды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын орындау мақсатында дүйсенбі күні №16 орта мектептің мәжіліс залында қала әкімі Батырлан Ахметов тұрғындар мен шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Кезекті есеп беру жиынына қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихаттың депутаттары, бірқатар мекеме басшылары қатысты.

Қала әкімі есебінің толық мәтіні алдын ала жергілікті баспасөз бетінде жарияланғандықтан, Батырлан Ахметов баяндамасын қалалықтардың әлауқаты мен тұрмысын жақсарту бағытында алдағы уақытта атқарылар іс-шаралармен таныстырудан бастады. Қала басшысы өз баяндамасында Сәтбаев қаласын көркейту мен көгалдандыру, жаңа ескерткіштер салу, саябақтар ашу секілді болашақта атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, қала әкімі балаларға арналған бассейн күрделі жөндеуден өтіп, үстіміздегі жылы ашылатыны туралы халыққа мәлімдеді.

Есепті баяндамадан соң, №7 шағын мөлтек аудан тұрғыны Гүлбарам Бегалиева шығып, соңғы жылдары қаламызда орын алған оң өзгерістер жайында айтып, басшылықтың жұмысына табыс тіледі.

Осыдан соң қала әкімі алдын ала қойылған жәшіктерге келіп түскен сауалдарға жауап берді.

Сұрақ:

– Кеңес уақытында қаламыздың әр түкпірінде кітапханалардың филиалдары болатын. Қазір не себептен жоқ? Ашыла ма?

Батырлан Ахметов:

– 2012 жылғы бюджетте жаңа кітапханалар ашу қарастырылмаған. Бірақ, қаламыздағы барлық мектептерде кітапханалар мен Ғаламторға қосылған компьютерлер бар. Сабақ оқуға оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.

Әрі қарай, қала басшысы жиын барысында тұрғындар тарапынан туындаған ауызша және жазбаша сұрақтарға жауап берді.

Жеке кәсіпкер Жұмабике Жанбыршинова:

– Өздеріңіз білетіндей, қаламыздың орталығында орналасқан «Универсам» дүкенінде үлкен көлемдегі ұрлық жасалды. Сол қылмыс осы күнге дейін ашылған жоқ. Соның себебін білгім келді.

Батырлан Ахметов:

– Бұл өтінішті ішкі істер бөліміне жеткіземіз, олар сізге өз жауаптарын береді.

Сұрақ:

– Біз 74 кварталда тұрамыз. Біздің жаққа тек №9 автобус қана жүреді. Балаларымыздың мектепке жетуі

қиын. №12, №13 автобустар

айналып, біздің жаққа соқса

бола ма?

Қала әкімінің орынбасары Қайрат Шайжанов:

– Бұл сұрағыңыз орынды. Мүмкіндік болса, қарастырып көреміз.

Сұрақ:

– Қала орталығындағы көпшілікке арналған дәретхана неге жұмыс істемейді?

Батырлан Ахметов:

– Дәретхана бар болғанымен, оның иесі жоқ. Оны өз балансымызға аламыз. Сол кезде бұл сұрақ шешіледі.

Сұрақ:

– Бастауыш сынып оқушыларының мектептегі тамақтануы тегін бе?

Қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова:

– Тегін тамақ тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған, отбасы толық емес және көпбалалы отбасылардың балаларына ғана беріледі.

Кездесу барысында шағын және орта бизнес өкілдері атынан жеке кәсіпкер Ғалия Мұхатова сөз алып, өткен жылдағы жұмыстарға оң бағасын беріп, атқарылар істерге сәттілік тіледі.

Жиында халықты мазалаған біршама сұрақтар өз жауабын тауып, тұрғындар басшылыққа ризашылығын білдірді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.