Алыстаған сайын асқақтай түскен

Қазақтың дүниетанымында «Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел шығарады» деген тәмсіл бар. Алайда, бұл абырой мен құрметке екінің бірі лайық дей алмаймыз. Жұрт еңбегіне қарай бағалап, жас ұрпаққа өнеге етеді. Осындай халық сыйлаған арда азаматтардың қатарында кезінде талай қайырымды істердің басында жүріп, білікті басшы бола білген Ермекбай Байбатыров бар. Өткен аптада қоғам алдындағы парызын барынша лайықты өтеуге тырысқан ел ағасының есімі еске алынып, ұлықталды.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ермекбай Әбішұлы атында дойбыдан ардагерлер арасында өткен жарыс «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенін екі күн бойы дүбірге бөледі.

«Жақсының аты өлмейді» деген. Өмірде болғанында тоқсанның төріне шығатын Ермекбай Байбатыров 1930 жылы дүниеге келді. Жетпісінші жылдары Жезқазған тау-кен техникумында кәсіби білім алып, алғашқы еңбек жолын №44 шахтада электр слесары болып бастады. Қызмет сатысымен біртіндеп көтеріліп, басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Еңбек ете жүріп жоғары білім алуды көздеген ол Свердловск техникалық білім беру институтының арнайы курсын да бітіріп шығады. 1974 жылдан бастап жаңадан құрылған Оңтүстік Жезқазған кенішінде еңбек және жалақы бөлімінің басшысы ретінде тағайындалып, қырық жылға жуық аянбай тер төкті. «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері тоғыз бала тәрбиелеп, өсіріп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде олар әке жолын абыроймен жалғастыруда.

Кеншілер әулетінің көшбасында тұрған Ермекбай Әбішұлы қысқа ғұмырында алдына келген ағайынның бетін қайтармай, қолдау көрсетуге тырысты. Алыстаған сайын асқақтай түскен тұлға туралы ҚР еңбегі сіңген энергетик Яхия Асатов ашып айтты.

– Алғашқы кездесуіміз Оңтүстік Жезқазған кенішінде №45 шахтада орын алды. Қазақ политехникалық институтының түлегі едік. Бітірісімен елге жеттім. Ерекең өзіне ғана тән көркем келбетімен, мінезімен ерекшеленген, көсем сөздің көрігін қыздыра білген жан еді. Шахтаны таныстырып, бастығымыз Қайролла Қанафиннің Көкшетаудың тумасы екендігін, Арғын руынан екендігін айтып: «Жұмысқа жаңа келдіңдер ғой. Өздігінен жүретін техниканы меңгеру қолдарыңнан келетін болар. Сендерді №4 учаскеге механик етіп жібереміз», – деді. Жаңа техниканы игеру бұрыннан арманым еді. Дегенім болды. Ескі досым Шынболат Ділдебаев, Иран Ильяшев, Жолдасбек Джамекеев осы шахтада еңбек етеді екен. Керемет ортаға бірден күмп ете қалдым. Учаске бастығы Гладковтың менің дәрі аттырушы, электрмен дәнекерлеуші, электрслесарь екенімді білгенде қуанышында шек болған жоқ. Ерекең бір айдан кейін аға механикке көтеріп, айлығымды өсіріп, қолдау көрсетті. Шахтаның бас энергетигі Әбелдиновпен таныстырды. Ерекең Қоқан руынан болғанымен өзбектерге жақын оңтүстік өңірде бірнеше жыл еңбек етті. Қазақ тарихын біркісідей білетін еді. Күлдіргі әңгімелерді шебер жеткізетін. Ол көпшіліктің адамы еді. Қолындағы барын аямайтын, ас-суын алдыңа тосатын. Үйіне жиі шақырып, үлгі көрсететін. Шекер жеңгеміздің де жаны жайсаң адам еді. Дастарханы жиылмай, берекесі арылмай отыратын. Ерекеңнің тұсында жұмыссыз жүрген бір адам болмаушы еді. Шынболаттың Төртіншісінің бар адамы Оңтүстік Жезқазған кенішінің №45 шахтасында жұмыс жасайтын. Қайран, Ерекем-ай, саған жететін адам бар ма?! Тілтабысу, сыйласу, ардақтау, құрметтеу деген сияқты адами қасиеттердің құнын білген азамат еді. Мені жақсы көргендігі соншалық, кіші баласының атын Яхия атады. Сөзіне берік, ісіне адал, достық қамалының бәйтерегі Ерекеңді әрқашан сағынышпен еске аламыз. Қимаймыз, сыйлаймыз, – дей келе, арнау өлеңін оқыды.

Сексенге келсе де өзін сергек сезінетін Әзірбек Молдағалиев төрешілік еткен дойбы жарасының қорытындысы бойынша Владимир Сенин бірінші орынды жеңіп алса, Владимир Савченко екінші орынға лайық деп табылды. Ал, Бақыт Дәрімбетов үшінші орынды місе тұтып, арнайы диплом мен сыйақыға ие болды.

Сәтбаев қаласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбуләйіс Молақов өңіріміздің дамуына үлес қосқан ардақтыларымызды ұлықтау шарасының жалғаса беретіндігін жеткізіп, атсалысқандарға алғыс білдірді. Сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев, қалалық мәслихат депутаты Иманбай Бірәлин, «Қазақстан» спорттық-сауықтыру кешенінің директоры Манат Айтпаев игі іске ниеттес екендіктерін жасырмады. Шара соңында марқұмның аруағына құран бағышталып, дәм берілді. Олай болса, кенші біткеннің кемеңгер басшысы болған, өндірісті өрге сүйреген Ермекбай Байбатыровтың есімі ұмытылмасы анық.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.