Отбасы мен әйелдер құқығын қорғау

Мемлекеттік гендерлік саясат елдің ішкі саясатының маңызды құраушысы болып табылады, ол базалық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес іске асырылады. Онда мыңжылдық даму мақсаттары мен әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою туралы конвенцияның ережелеріне орай Қазақстанға арналған гендерлік индикаторлар анықталған. Гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Қаламызда гендерлік саясаттың қалай жүзеге асырылып жатқанын білу мақсатында әкім аппараты жанындағы әлеуметтік сала бөлімінің бастығы Гүлмира ТАҢСЫҚБАЕВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Гүлмира Өміртайқызы, жалпы әйелдер қауымы ұйымдастырушылық, басшылық қабілеттерін жеке кәсіпкерлікте, әр түрлі басшылықта, тіпті министрліктерде белсенді көрсетіп жүр. Біздің қала бойынша белсенді нәзік жандылардың жалпы саны қанша?

– Әрбір қоғамның, мемлекеттің жеткен биігі, мәдениетінің деңгейі оның әйелге деген көзқарасымен өлшенеді. Біздің әйелдеріміздің де қоғамдық белсенділігі олардың тек өз қамдары ғана емес, туған елге, Отанға деген жанашырлықтан, сүйіспеншіліктен бастау алып отырғаны анық.

Қазіргі уақытта қала бойынша жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің 58-і әйел адам, пайызбен алғанда 64,4. Мемлекеттік әкімшілік қызмет атқаратын әйелдердің үлес салмағы 40 % құраса, 20 басшылық лауазымдағы тұлғалардың 8-і әйел азаматтар. Ал, қала әкімінің орынбасарлығында 1 әйел адам, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының 70 % әйелдер қауымы.

– Гендерлік саясатты жүзеге асырудағы атқарып жатқан жүйелі жұмыстарыңызға тоқталсақ…

– Гендерлік теңдік мәселесінің негіздері біздің ұлттық заңымызға Қазақстанның жалпы даму стратегиясының маңызды бөлігі ретінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде-ақ енгізілген болатын. Әйел құқығын арттырып, мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында озық қызмет атқаратын Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылған болатын. Біздің қаламызда да осыған сәйкес Сәтбаев қаласының әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі қалалық комиссия құрылып, Қазақстандағы гендерлік саясаттың жүзеге асуына тікелей әсер етуші күш ретінде нақты қызмет атқаруда.

Комиссияның жанынан өткен жылдың қазан айында әйелдер көшбасшылығын дамыту жобасы аясында әйелдер көшбасшылығы мектебінің тұсауы кесіліп, ол мектептің мүшесі болып қаламыздағы 10 белсенді әйел тағайындалды. Олар: Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ш.Жанасылова, қалалық мәслихат аппаратының басшысы Қ.Махамбетова, қала әкімінің кеңесшісі А.Абдуалиева, қалалық мәслихат депутаты А.Төлендина, Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының директоры Н.Геймбух, №5 «Нұр бөбек» бала бақшасының директоры Ж.Жаппасова, №2 ОДА бас дәрігері О.Лекерова, «Темірбанк» Сәтбаев бөлімшесінің басшысы Н.Сматаева, «Алия» жиһаз салонының иесі А.Аяпбергенова.

– Гендерлік саясатты жүзеге асырудың бірден бір бағыты – екі қолға бір күрек таппай жүрген әйел азаматтардың білімі мен білігін арттыру және жұмысқа орналастыру. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Еңбек нарығында әйелдердің еңбекке қабілеттіліктерін арттыру үшін кәсіби оқуларға жіберілді. Былтырғы жылы арнайы мамандықты игерген 90 әйел азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, қала бойынша жұмысқа тұрғызылғандардың 40 % әйелдер. Қоян жылында қолға алынған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында 43 әйел кәсіби білім алды.

– Стратегия ең әуелі әйелдерді зорлық-зомбылықтан сақтауды, олардың денсаулығын жақсартуды көздейтінін білеміз. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі қандай?

– Қоғамда әйел баласының ер азаматтармен құқығы теңдей жүруі – қазіргі заман талабы. Әйелдерге зорлық-зомбылық жасаудың алдын алу шараларын қалалық ІІБ әйелдерді зорлықтан қорғау тобымен бірлесе атқарып келеміз. Сондай-ақ, комиссия жанынан өмірдің қиындықтарына шыдамай, күйзеліске түскен нәзік жандыларға психологиялық көмек беру мақсатында «Шаңырақ» дағдарыс орталығы ашылып, жұмыс атқаруда. Қазіргі таңға дейін орталық мамандарына 30-дан астам әйел шағымданса, телефон арқылы 150 әйел ақыл-кеңес алды. Әйелдердің денсаулығын жақсартуға келер болсақ, жылдан-жылға ана мен бала өлімі азайып келеді. Салыстырып қарар болсақ, 2010 жылы 16,3% болса, 2011 жылы 11,9%-ға дейін төмендеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты биылғы Жолдауында онкологиялық ауруды болдырмауды тапсырғанын жақсы білесіздер. Осыған орай, қазіргі таңда қала бойынша 100 пайыз дәрігерлік тескерістен өткізуді бастадық. Сонымен қоса, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына төмен бағада дәрілік заттарды сатуға байланысты қаладағы дәріхана иелерімен келісім-шартқа қол қойылды.

– Алдағы уақытта осы атқарған жұмыстарға тыңнан әкеліп қосар жаңалықтарыңыз бар ма?

– Үстіміздегі жылы әйелдер әзірлеген және жасаған идеялар мен тауарлардың «Қанатты Әйел – 5» республикалық жәрмеңкесіне қатысуды, «Отбасы – қоғамның іргетасы» конференциясын, әйелдер көшбасшылығы мектеп жұмысының аясында әйелдер форумын өткізуді қолға алып отырмыз.

Әңгімелескен Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.