Алаяқтардан сақ болайық!!!

Соңғы кездері елімізде алаяқтық сарынындағы оқиғалар тым жиілеп барады. Оның ішінде алаяқтықты жасаушылардың көбіне әйелдер екені тағы бар. Әккілердің құрығына алдымен түсетіндердің қатарын да нәзік жандылар құрайды.

Қоғамда адамдар ақша табу үшін неше түрлі айла-амалдарға баруда, оның ішінде алдап, арбау арқылы ақша табатындардың жолы болып тұр. Қолымыздан өткен қылмыстық істерді зерделей отырып, адамдардың осындай қылмыстық жолға түсуіне қандай себептер түрткі болады деген сұраққа жауап іздедік.
Алаяқтарды осы қылмысқа итермелейтін жағдай – ол оңай ақша табу жолы деп біледі және көбіне олар өз дегендеріне жетіп, сенгіш адамдарды пайдаланады. Алғашқыда бір-екі рет «жолы болып», өтірік уәде беріп, өзге біреулердің ақ-адал қаржысын иемденіп кетеді. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген, одан соң олар мұны кәсіп етіп, үлкен қомақты ақша табуды ойластырады. Енді ақшасы бар адамдарды арбаудың түрлі әдістерін ойлап тауып, адам ойы жетпейтін қулықтарға барады. Тіпті, алаяқтар психологиялық тұрғыда адамдарды өте шебер пайдаланып, ол адамдарды жақсы зерттеп алады, сеніміне кіріп, оңай ақша табудың тәсілдерін іске асырады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Сәтбаев қаласында алаяқтық санатындағы 39 қылмыстық іс тіркелген. Қалалық ішкі істер бөліміне тіркелген осы санаттағы қылмыстардың басым көпшілігі жұмысқа тұрғызып беремін деп алдап қаражаттарды алу, қарызға ақша алып, қайтарып бермеу, интернет дүкендер арқылы белгілі бір заттың сомасын арзан бағаға қойып, сеніміне кіріп, тапсырыс берген өнімді тапсырушыға жеткізбеу және т.б. осы тектес тәсілдер арқылы жасалуда. Құқық қорғау органдары тарапынан бұл қылмыстардың алдын алу, болдырмау мақсатында атқарылып жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан, ағымдағы жылдың өзінде бұл санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықтар тыйылмауда.
Соңғы кезде несие алып беремін деп ақша сұрайтындар көп. Біздің түсінбейтініміз, несие алу үшін неге ақша беру керек? Ақшаң болса несие неге қажет? Ал, ірі мөлшерде несие алу керек болса, оған міндетті түрде кепілге қоятын мүлік қажет болады. Жалпы, бұл жерде халықтың несиемен жұмыс істеудегі сауаттылығы төмен.
Адамдардың қаржы тапшылы-ғынан қиналып жүргенін кейбір пысықтар өз пайдасына тиімді пайдаланып, үйлерін банктерге кепілге қойдырып, несие алдырып, бір бөлігін өздері алып кетеді. Айналып келгенде, жәбір шегетін үйін кепілге қойып отырған адам, несиені де төлейтін солар. Мүліктерін кепілге қоюға өздері қолдарын қойып, куәландырған және сол алынған несие-
нің бір бөлігін алып ішіп-жеп қойған адамдар банктер қайтарым сұраған кезде сан соғып жүгіріп жүреді. Тұрғындар оңай жерде ақша берілмейтінін, оның міндетті түрде сұрауы болатынын әсте естен шығармағаны абзал.
Сондай-ақ, көшедегі ұсақ-түйек алаяқтар «ұялы телефоныңды бере тұршы бір қоңырау шалайын» деп алдап алып, зым-зия жоқ болып кететіндер, «Балаңызды ұстап тұрмыз, дереу жеке есеп шотқа ақша салыңыз» деп алдайтындар немесе «лотореядан ұтыс ұттыңыз, мынандай есеп шотқа ақша салуыңыз қажет» деп арбайтындар көптеп кездеседі.
Сол сияқты, жәбірленуші несие алу кезінде несиенің қандай тәртіппен, қай мекеме арқылы берілетінін біле тұра, оны шешудің заңсыз жолдарын қарастырып, ақырында алаяқтарға жем болады. Олар өздерінің алдауға түскенін шындығына келгенде несиені де, берген ақшаларын да қайтарып ала алмайтынына көзі жетіп, әбден әуре-сарсаңға түскеннен кейін барып қана құқық қорғау органдарына жүгінеді.
Осыған орай Сәтбаев қаласы прокуратурасы ескертеді:
Құрметті қала тұрғындары, сақ болыңыздар! Егер сіздер алаяқтарға алданып қалғандарыңызды білсеңіздер және ақшаны төлеп қойсаңыздар, онда алаяқпен ұрысып-керіспей мейлінше онымен байланысты созуларыныңыз қажет. Яғни, ол телефондарын өшіріп мүлдем жасырынып кетуіне жол бермеген жөн. Сол секілді терминалмен төлеген чектерді, әлеуметтік желіде, мессенджерлер арқылы сөйлескен диалогтарыңыз болса, оларды да сақтап дереу арада құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Бұл мәліметтердің бәрі алаяқтарды табуға көмек береді және осындай алаяқтардың құрбаны болып жатсаңыз, дереу арада қала аймағында орналасқан құқық қорғау органдарына жүгінулеріңізді өтінеміз.

Сәтбаев қалалық
прокуратурасы.

Комментарии закрыты.