«Басты қазығым – балаларым»

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген еді. Бүгінде дәстүрлі отбасы құндылығын сақтаған жастардың арамызда бар екендігі
қуантады. Көп балалы ана Дина Тоқсанова солардың қатарында.

– Ел арасында «Құдайдан кейінгі құдірет – ана» деген сөз бар. Бұл тегін айтылған ой емес. Өйткені, ана – өмірдің бастауы. Үйдің берекесі, қыз бен ұлдың өнегесі. Адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкелетін бала ғой. Басты қазығым, алтын діңгегім осылар. Тәрбиелі, жан-жақты болып өсулеріне жағдай жасап жатырмыз. Берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керек. Соңғы уақытта төл рухани тәрбиемізді, ұлттық құндылықтарымызды пайдалануды доғардық. Мен де балаларымның бойына ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді сіңіріп, қоғамға пайдалы азамат етіп өсіруге тырысудамын. Елдің, ұлттың болашағы, даму деңгейі осылардан басталатындықтан бей-жай қарауға қақымыз жоқ. Осы ретте көмек қолын созып, бізді пәтермен қамтамасыз еткен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына, ел ағаларына, қайырымды азаматтарға алғысымды білдіремін, – деген Дина Төлепбергенқызы жылуэнергетика кәсіпорнында еңбек етеді. Түздің де, үйдің де жұмысына үлгеріп жүрген келіншек Камила, Шыңғыс, Нұрхан, Айару атты өндірдей ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Ырыстың ұйытқысы бола білген Дина бүгінде ана мен бала денсаулығына да мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғандығын жеткізді. Мұның барлығы – ана мен баланы қолдау саясатының жемісі.
Ұрпақ сабақтастығын жалғап, жас келіндерге өнеге көрсетіп жүретін Дина шаңырағының шаттығы мен берекесін еселей түсуде. Оның азат елдің айбынды ұрпағын тәрбиелеудегі еңбегін ештемемен теңгере алмасымыз анық.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЕВА.

Комментарии закрыты.