Азамат САУҒАБАЙ, «Болашақ» стипендиаты: «Тіл білсең, көзқарас кеңейеді»

Таяуда шет елде «Болашақ» стипендиясымен білім алып жатқан жерлесіміз, Лондондағы UCL (Universe College London) университетінің студенті Азамат Сауғабаймен әлеуметтік желі арқылы әңгіме өрбіткен едік. Азаматтың ағылшын тілін білудегі артықшылықтар төңірегінде өрбіген сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Азамат, Сәтбаев қаласынан «Болашақ» иегері атанғандар қатары санаулы-ақ. Бұл әлбетте, саған үлкен жауапкершілік артатыны мәлім. Оқырмандарға алдымен өзіңді таныстырып алсақ.
– Оның рас. Қай жерде туып-өстім, сол елдің атағын шығару, даңқын арттыру, абыройын түсірмеу – менің міндетім. Сондықтан, бұның маған жауапкершіліктің жүгін екі есе артатынын терең түйсінемін. Бастысы, еліміздің абыройы ғой. Білім алсын деп үміт артқасын, сол үмітті ақтау да борышым. Жалпы, өзім 1986 жылы Қарағанды облысы Жәйрем кентінде дүниеге келдім. 1994 жылы отбасымызбен кеншілер қаласына қоныс аудардық. Алғаш мектеп табалдырығын №1 мектеп-гимназиясында аттап, кейін №19 мектепте білімімді жалғастырдым. 9 сыныпты тәмамдағаннан кейін Жезқазған гуманитарлық колледжіне ағылшын тілі мамандығы бойынша оқуға түстім. Мұнда анамның айтқан ақылына дән ризамын. Тіл тың мүмкіндіктерге жол ашады деп еді. Соның ықпалымен осы салаға бет бұрдым. Оқу орнын аяқтағаннан кейін алдыма жоғары білім алу мақсатын қойдым. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалаврлық білім алдым. Тіл саласына қызыққаным соншалық, білім көкжиегін кеңейтуді мақсат тұтып, білім жетілдіру үшін магистратурада екі жылдай тәлім алдым. Оны бітірісімен алған-жиған білімімді өзгелермен бөлісуді жөн санап, бірнеше жыл шет тілдер факультетінде студенттерге дәріс бердім. Кейін 2014 жылы Сәтбаев қаласына қайтып оралып, С.Сейфуллин атындағы гимназияға ағылшын тілі мұғалімі болып орналастым. Осы кезде өзгерістер енгізу қажеттігін сездім де бас қалаға бет бұрамын деп ұйғардым. Назарбаев зияткерлік мектебіне «Кербез» білім беру ұйымының ішіндегі кеңселік жұмысқа орналастым. Осында жүргенде тілді тереңірек зерттегім келді. Дос-жарандардың тіл білумен талай мүмкіндіктерге қол жеткізгеніне куә боп жүріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат тапсырып, көп ұзамай стипендиат атандым. Ұсынылған елдердің ішінен Ұлыбритания мемлекетін таңдадым. Ондағы біраз университеттер маған шақырту жіберді. Солардың ішінде Лондондағы Universe College London университеттік колледжінің ұсынысын қабылдадым да ағылшын лингвистикасы бойынша 2018 жылы оқуға түстім. Қазір кезекті емтихандарды тапсыру үстіндемін.
– Лингвистика аясы тіл саласының тар бағыты емес пе? Мұндай таңсық мамандықты таңдауыңның себебі неде?
– Иә. Өте тар бағыт. Алайда, сол тарлығымен қызық болып тұр. Себебі, ағылшын тілінің ауқымы кең. Онда бағыт таба алмай әбден сасуың мүмкін. Ал, мұнда нақтылы немен айналысатының айқындалған. Біз тілді терең зерделейміз. Грамматикасын, стилистикасы, прагматикасы, жалпы айтқанда тілдік заңдылықтарға кеңінен тоқталып, зерттейміз. Алла қаласа, оқуды бітірісімен «лингвист» дәрежесін алып шығамын.
– Қазір біздегі көп жұрттың білім беру жүйесіне көңілі толмай жатқаны белгілі. Ал, Британияда білім беруде нендей ерекшеліктер бар?
– Екі елдің білім беруін салыстыруға келмес. Жоғары білім беру жүйесіне сәйкес оқушы өзі ізденеді. Мұғалімдер өздерінің ақыл-кеңесімен бөлісіп, көмек беруге даяр. Бұл жердегі бір ерекшелік – критикалық ойлау жүйеңді дамытады, сол қабілетіңді арттыруға атсалысады. Жаттап алып, айтып беру деген жоқ. Мысалға, семестрлік емтиханда эссе жаздық, өткен тақырыптар бойынша шығарма жазып шығамыз. Сонда тақырыптың ашылуына, оның тілінің шұрайлығына, қызықты етіп жеткізу пысықталады. Сыни ойлауға көп көңіл бөледі. Мұндағылардың баға үшін емес, болашағы үшін талаптанып жүргенін байқау қиын емес. Елімізде еңбек етіп жүрген кезім жиі көз алдыма келеді. Бізде болашақ кәсіп иелері дипломның түсіне қызыға қарайтынын, тек үлгерімнің ғана үлесі артық болғанын қалап тұратыны бар ғой. Білім алып шыға ма, ол жағында шаруасы жоқ. Барлық емтиханды үздік бағамен жапсам деген жымысқы ой ғана бар. Ал, мұнда ондай әрекетке жол берілмейді. Мәселен, плагиатқа өте қатты мән береді. Егер де сенің мақалаңда бір-екі жол плагиатпен белгіленген болса, бірден сызып тастайды. Бұл жерде авторлық құқыққа өте қатты мән берілген. Авторға деген құрмет осылай көрсетілсе керек. Плагиат үлкен қылмыс ретінде қаралады.
Біздегі кемшін тартқан тұсты айта кеткенім дұрыс. Бізде біреудің шаруасына біреу килігеді. Саясатты таксистер, мұғалімдер талқылайды. Енді біреулер дәрігердің жұмысына жағаласады. Сантехник саясатты шемішкеше шақпай-ақ қойсын, есесіне жөндеген құбырдан қайта су ақпаса болды. Әркім тек өз саласына ғана бас ауыртып, еңбектенсе ғой. Кәсібилік деген осыдан шығады.
– «Қазақ жастарында комплекс көп». Бұл пікірді сырт елге шығып жүрген жастардан көп естимін. Ондай комплекстің туындауына ата-
ананың жастайынан құлаққа сіңіретін «анда барма», «мынаны олай істеме», «өйтуге болмайды» секілді тыйымдары себеп сияқты. Мұнымен қаншалықты келісесің?
– Дұрыс айтасың. Байқағаным, қазақ жастарының біршамасы енжар, жалқау. Еңбек еткісі келмейді. Сөйте тұра, мемлекетті кінәлайды. Қит етсе болды, мемлекеттен күтеді. Жала жауып отыра бермей, бар мүмкіндікті пайдалану керек. Ағылшындарда «Leadership skills» деген түсінік бар. Көшбасшылық қасиет. Бізде бұл аздау. Қазақ «Жасқанған қорған емес, жағаласқан қорған» дейді емес пе? Алпауыт елдерде үлкен брендтердің артында бір-бір тұлға, көшбасшы тұрады. Елді танымал ету үшін көшбасшылар керек. Ол үшін қазаққа көп еңбектеніп, көп білім алу керек. Өйткені, білімі жоқ адам ол тобыр болып саналады. Әркімнің айдауына көніп жүре береді. Сондықтан, бізге критикалық, сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет. Мәдениеттілікті де көтерген дұрыс.
Лондонда оқып жатқан қазақстандық студенттер баршылық. Олардың білім алуға деген құштарлығы мол. Лондонда ең беделді ұйымдарда қазақ жастары қызмет етуде. Мәселен, көбісі Google-да, McKinsey атты экономикалық компанияда еңбек етіп жүр. Міне осындай жақсы қадамдар жасалуда. Жаңаша көзқарас енгізіп, Еуропада алған білімін елімізге тереңірек енгізсе деген ой бар.
– Ағылшын тілінің артықшылықтарына енді мән беріп, үйрене бастағанымызға көп бола қойған жоқ. Сеніңше, тіл танудың түпкі мәні қандай?
– Ағылшын тілі қазіргі заманның ең актуалды тілдерінің біріне айналды. Адам әлем деңгейіне шыққысы келсе ағылшын тілін жетік меңгергені дұрыс. Сонда ғана өз айтқың келген ойыңды дұрыс жеткізе аласың. Меніңше, әр мамандық иесі ағылшын тілін білуі қажет. Сенің де. Бірнеше тілді меңгеру талаптанған адамның қолынан келетін дүние. Мәселен, қазір мұнай өңдеу саласында қытай тілін білудің артықшылықтары айқындалып жатыр. Бұл жерде Қытайға берілу деген сөз емес, тілін біле отырып, қытайлармен жұмыс жасасу және олардың қандай көзқараста екенін білу. Сен қанша тіл білесің, сен сонша тілдің азаматы болып саналасың. Сол халықтың мәдениетімен танысасың, ойлау жүйесін түсінесің. Сондықтан, тіл білу ешқашан артық етпейді.
– Алдағы жоспарларыңмен бөліссең.
– Қазір ұдайы оқу үстіндемін. Тың тақырыптарға бойлап жатырмын. Алда PhD-ге тапсырсам деген ой бар. Жақында елге ораламын. «Болашақ» талаптарына сәйкес, елге келіп бес жыл көлемінде жұмыс істеуім қажет. Егер де бағдарламаға өзгеріс енгізіліп жатса шет елде қалып еңбек ете берер едім. Шетелде жұмыс жасау дегенде біз сатқын болып қаралмаймыз. Сатқын деп қаралау өте жөнсіз айып. Артықшылық – әлемдегі бәсекелестіктің қандай екенін түсінесің. Алпауыт мемлекеттерде жұмыс істеу арқылы тәжірибе жинақтайсың. Көзқарас кеңейеді. Стереотиптерден ажырайсың. 2020 жылға қарай қолыма диплом алып, ел үшін еңбек ететін боламын.
– Әңгімеңе рақмет! Желіде жүздескенше.

Әңгімелескен
Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.