Жастар саясаты жанданбақ

Қаламыз жаңаша көзқарас танытатын жастар шаһарына айналып келеді. Күні кеше Мәңгілік Ел көшесіндегі әдемі ән отырыстарының көркін келтіріп, қала тазалығына атсалысып жүрген қоғамның қозғаушы күші соны серпін алып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуда. Бұл ретте қалалық жастар ресурстық орталығы қарқынды жұмыс жүргізіп, талапшыл жастардың танылуына жағдай жасауда. Жуырда сол орталықтың жаңадан тағайындалған басшысы Гүлдана Рысмағанбетовамен әңгімелесіп, алдағы жұмыс жоспарымен танысқан болатынбыз.

– Гүлдана Мырзабекқызы, алдымен жаңа қызметке тағайындалуыңызбен құттықтаймын. Жыл басынан бері тұралап қалған орталықтың бойына қан жүгірту жаңа басшының қолында екендігі анық. Алда орталықтан не күтеміз?
– Рахмет. Жаңа басшы жаңа серпінмен келетінін меңзеп отырсаңыз құба-құп. Орталықтың басты мақсаты – жастардың басын бір арнаға бұру, бір жерде тоғыстыру. Орта қалыптастырып, пікір алмасуға мүмкіндік беру. Тұралап қалған орталықтың жұмысын қайта жандандыруды қолға алып жатқан жайымыз бар. Қазіргі уақытта кезінде қолға алынған клубтарды қайта қарастырып, бағыттарын айқындап жатырмыз. Ағымдағы жылы орталық қызметі үшін қалалық бюджеттен 29 миллион теңге бөлінді. Қазір 8 маман еңбек етуде. Алайда, заңгер мен жастармен жұмыс жөніндегі маман қажет. Орталығымыз негізгі үш қызметті іске асырады. Олар әлеуметтік технологиялар және болжау қызметі, сервистік қолдау және жастар әлеуметтік қызметі, әкімшілік және қаржылық қызметтен тұрады.

2019 жылы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша орталықтағы психолог консультациясына 10 адам жазылса, 23 адам заңгерлік кеңес алды. Ал 22 адамға жастар клубтарының қызметі туралы кеңес берілді, оның ішінде әлеуметтік қызмет бойынша – 5, жастар саясаты мектебінің жұмысына 9 адам қызығушылық танытты.

Өздеріңізге белгілі 2015 жылдан бастап Сәтбаев қаласы «Жастарға мейірімді мекен» жобасының пилоттық аймағы ретінде таңдалғаны мәлім. Осыған орай, «Сәтбаев 2020 жастарға мейірімді қала» стратегиясы әзірленді. Стратегияны жүзеге асыру аясында орталық негізінде «Сәтбаев 2020» командасы жасақталды. Аталмыш топта шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік мекеме мамандары бар. Осы стратегияны іске асыру шеңберінде қалада 14 жастар клубы («Мұрагер» жас тарихшылар клубы, «Тілашар» полиглоттар клубы, «Намыс» әскери-патриоттық клубы, «Foresight» фантастикаға әуесқойлар клубы, «Азат» пікірталас клубы, БҰҰ үлгілі жастар клубы, «Жас сарапшы», Жас Отау» жас отбасы клубтары, «Сен сұлу» қыздар клубы, «Азамат» балалар клубы, «Шебер» жасақтаушылар клубы, «Әділет» медиаторлық клубы, «SAGE Сәтбаев» бизнес-клубы, «Street Work Out» жастар спорт клубы), жастар саясаты мектебі мен 7 басым бағыттағы жастар үшін 4 әлеуметтік қызметтің жұмысы жандануда. Алда осы жұмыстарды жүйелі жүргізетін боламыз.
Орталықта сондай-ақ, жас отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және балалар үйінің түлектеріне әлеуметтік қызмет, девиантты мінез-құлықты жастармен жұмыс жасайтын әлеуметтік қызмет, әлеуметтік және кәсіби бағдар беру қызметі, сондай-ақ мүгедектігі бар жастармен жұмыс істеудің әлеуметтік қызметі көрсетіледі.
– Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.
– Жыл басынан бері орталықта әр түрлі бағыттағы есеппен алғанда 73 шара, атап айтқанда акция, кездесу, тренинг, экскурсия, сайыс, мерекелік концерттер түріндегі шаралар ұйымдастырылып, онда барлығы 4877 жас қамтылды. Олардың ішінде кең ауқымды шараларды атап өтсек, жас отбасыларды қолдау мақсатында «Бесік арба шеруі – 2019» байқауы, құрметті отбасылармен жастардың кездесуі, «Ардагерім – Ардағым» акциясы, «Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне арналған мерекелік бағдарлама, «Жалындап жастар жанамыз, Патриот біз де боламыз!» атты тақырыпта ұйымдастырылған жастар форумы бар.
Жақында ғана Мәдени-сауықтыру орталығымен бірлесіп Мәңгілік Ел көшесі бойында өнерпаз, спортшы жастардың басын қосып, мәдени-сауықтыру шараларды өткізуді қолға алдық. Өнерпаз жандар орталық алаңда жиналып, әндетіп жатса, несі айып. Керісінше, көше мәдениетін арттырады.
– Орталық жастарды жұмыспен қамту мәселесін қаншалықты қадағалайды? Бүгінде еңбекпен қамту көрсеткіші қандай?
– Орталық қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен тығыз байланыста. Жыл басынан бері жұмыспен қамту сұрағы бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 788 жас хабарласып, оларға мамандар тарапынан кеңес берілді. 2018 жылы тұрақты жұмысқа 1075 жас орналасқан болса, ағымдағы кезеңде 517 адам орналасып үлгерді. Қоғамдық жұмысқа 192 азамат жіберілсе, 15 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 246 адам мемлекеттік «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек етуде.
– Осы орайда «Жасыл Ел» еңбек жасағының жұмысын сұрай кетпесем болмас.
– «Жасыл Ел» жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, еткен еңбегімен қаражат табу мақсатында құрылған айтулы жоба. Қазір шаһарымызда еңбек етіп жүрген жастар саны толық. Үш маусым бойынша 100 сарбаз жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда 30 сарбаз көпшілік орындарды қоқыстан тазалап, қоғамдық жұмысты қарқынды атқаруда. Жұмыс маусымы барысында еңбек ұжымдарының сарбаздары арасында спорттық, ойын-сауық және оқу-жаттығу шаралары өткізілді.
– Жастар орталығы дегенде бірден «OTANSHYL» фестивалі ойға оралады. Туризмді дамытуды мақсат тұтқан бұл жоба жалғасын тауып, жүздеген жастың танысып, пікір алмасуына септігін тигізген еді. Бұл бастама биыл да өткізілетін шығар.
– Иә, «OTANSHYL» фестивалі орталықтың басты жобасы, басты құжаты деуге болады. Биыл тамыз айының 16-сында бұл бастаманы Жезқазған аймағындағы демалыс орнында өткізуді жоспарлап қойдық. Ерекшелігі, бұған дейін ұйымдастырылған фестивальге сырттан келген қонақтар қатыстырылса, биыл тек қаладағы мекемелер мен кәсіпорындардың жас мамандарын тартуды көздеп отырмыз. Өйткені, олардың арасында да дарынды, талантты азаматтар баршылық. Солардың өзге жастармен танысып, пікір алмасуына жағдай жасауымыз керек. Биыл да киелі тарихи орындарға экспедиция ұйымдастырылады. Фестиваль кезінде жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Аяулым» әлеуметтік қолдау қорының ұйытқы болуымен «Жалынды жастар» атты коворкинг орталығын ашу жоспарланып отыр. Оған шет елдерден қонақтар келеді деп күтілуде.
– Сәттілік!

Комментарии закрыты.