Көптен күткен кинотеатр

Тамыздың 13 жұлдызында қаламызда алғаш рет Панин көшесінде орналасқан «Esentay cinema» атты толық метражды фильмдер көрсететін кинотеатр ашылды. Көптен күткен кинотеатрдың ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Сәтбаев қаласының тұрғындарына мұндай сыйлықты жас кәсіпкер Рүстем Есентай жасап отыр. Кинотеатр 100 орынды, ал фильмдер 2D, 3D форматында көрсетіледі. Сондай-ақ, кинотеатрдың төменгі қабатында күту залы орналасқан. Және сол жерде арнайы көрермендерге попкорн мен сусындар да сатылады. Екінші қабатында кино көретін үлкен зал орналасқан. Кинотеатрдың экранына арнайы тапсырыс берілген және жаңа техникалық жабдықтармен қапталған. Төменгі қабатында балаларға арналған ойын-сауық кешенінің ашылу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта кинотеатрда 2 киноның премьерасы өтіп жатыр.

– Бұл кинотеатрдың жөндеу жұмысына 2 айдай уақыт кетті. Көрермендерге ыңғайлы болсын деп арнайы американдық креслоларға тапсырыс бердім. Жалпы, өзім кино көргенді жақсы көремін. Себебі, кино көретін кезде ойың бөлініп, демалып қаласың. 2016 жылы ең бірінші Жезқазған қаласындағы «Zhez 3D kino» кинотеатрын ашқан едім. Оның ашылғанына биыл 3 жыл толады. Енді әлемдік премьераны тамашалау үшін Жезқазғанға арнайы бармай-ақ, қаламыздың «Esentay cinema» кинотеатрына келулеріңізге болады. Студенттердің және жас отбасылардың сүйікті демалыс орнына айналатындығына сенімдімін, – дейді жас кәсіпкер Рүстем Есентай.

Бұл кинотеатрдың ашылуы шаһарымыздың тұрғындары мен қонақтарының ерекше қуантты. Кинотеатр кең сұранысқа ие болып, жастардың жиі баратын демалыс орнына айналарына сенімдіміз.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.