Өз ісіне мығым Мустафин

Шығыс СарыОба кенішіндегі технологиялық ауысым жүргізушісі Руслан Мустафин өз ісіне мығым адамдардың қатарында. Өйткені, ол кезінде атақты Мансур Галлямовтың мектебінде шыңдалды.

Бүгінде абырой биігінен көрініп жүрген оның жалпы еңбек өтілі он тоғыз жылды құрайды. Алғашқы еңбек жолын Оңтүстік Жезқазған кенішінің №67 шахтасында 2000 жылы автоэлектрик ретінде бастады. Кейіннен кәсіби білім алып, ПДМ ауыр жүк көлігінің рөліне отырды. Басшылық жұмсаған жерден қалмай, ауыр еңбекке төселді. Техниканың тілін меңгеріп, шашып тастап, қайта құрап алардай дәрежеге жетті.

«Еңбектің наны тәтті» деген. Осыны терең ұғынғандықтан болар, төккен тер далаға кетпеді. Бірнеше рет Жастар одағының, кәсіподақ ұйымының марапатына ие болды. 2009 жылы Степной кенішінде өткен еңбек бәсекесінде «Үздік машинист» атанды. Өз ісінен шабыт алған жас жігіт технологиялық колледждің қайта даярлау орталығында білімін жетілдірді.

– Өндіріске келгенде М.Галлямов секілді аға буын тәлімгерлерден тәрбие алдым. Шешуі қиын күрделі технологиялық түйіндерді зерттеп, көп нәрсе үйрендік. Олардың бар өмірі өндіріспен байланысты екендігін болашақ кәсібіме басыбайлы бетбұрыс жасаған кезде білдім, – дейді ол.

Қуатты техниканың тілін терең меңгеру жолында Р.Мустафин міндетіне жауапты, салқынқандылығымен, оңтайлы, ұтымды шешім қабылдау шеберлігімен ерекшеленді. Жұмыстың тоқтамауы өзі секілді хас шеберлердің қолында. Бүгінде жастардың біліктілігін ұштап, тәжірибесімен бөліседі. Арасында апатты жағдайдың алдын алып, қырағылық та таныта жүреді. Ұжымда өзі секілді болашағынан үміт күттірген, тілалғыш, еңбекқор, елгезек жастардың қатары мол.

Зайыбы Еленамен бірге Артур атты ұл тәрбиелеп өсірген кейіпкеріміз отбасында үлгілі әке, еңбек ұжымында озат жұмысшы. Ел мен жер, Отан алдындағы парыз секілді қасиетті ұғымдарға мән беретін ол өндірістің тынымсыз тірлігіне әбден төселген.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.