Өмірдің мәні, тіршіліктің сәні

«Ананың сұлулығы жүзіндегі мейірімінен көрінеді», – деп айтқан екен қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов. Жүзіне жылылық пен ұлылық ұялатқан аналар – өмірдің мәні, тіршіліктің сәні. Ал, көп құрсақ көтеріп, оларды тәрбиелеп, өсіріп отырған аналардың орны, тіпті, ерекше. Сондай батыр аналардың қатарында Эльмира Ержігітова да бар.

Еңбек жолын Кеңгір орта мектебінде хатшы болып бастаған Эльмира Сәтбаев қаласының тумасы. Отбасында үш ағасының ортасында еркелеп ержетті. Тағдырдың жазуымен тұрмысқа шығып, бес баланың анасы атанды. Бүгінде олар да есейіп, қолғабыс етуге жарап қалды. Осы күзде Дианасы бесінші, Мөлдірі үшінші, Диясы екінші сыныпқа барса, Ұланы мектеп табалдырығын бірінші рет аттамақ. Екі жасар Сұлтаны да балабақшаға баруға дайындалуда.

Үйсіз-күйсіз жүрген жас ананың жағдайын көрген «Харекет» қайырымдылық қорының Сәтбаевтағы филиалы үш бөлмелі пәтер сыйға тартты.

— Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаншама жыл әр жерде пәтер жалдап жүргенімізде бізге ешкім қолдау көрсеткен жоқ. Баспаналы болып, қоныс тойын тойлағанда бөркімізді аспанға лақтырдық. Тіпті, қуаныштан жылап та алдық. Бізге жасаған қамқорлығы, жомарттығы үшін «Харекет» қорына айтар алғысымыз шексіз. Қазір қиындықтардың бәрі артта қалды. Бүгінде бес баланы өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Аллаға шүкір, жұртпен қатар өмір сүріп жатырмыз. Ана үшін әр баланың орны бөлек қой. Әрқайсының орны бөлек. Бәрінің айтқанын жасап, еркелетіп, қатарынан қалдырмауға тырысамын, – деген жас ана оқу жылы қарсаңында балалардың оқу құралы, мектеп формасын алып беріп, қолдау көрсететін қайырымды жандар болса нұр үстіне нұр болатындығын жасырмады.

– Қолымыздан келгенше балаларды жұрттан қалдырмай киіндіріп, қажеттілігін алып бергіміз келеді. Алайда, көп жағдайда қолдың қысқалығы кедергі болып жатады. Бірақ, біз көпбалалы отбасы болғанымызбен ешкімнен ештеңе сұрап көрген емеспіз. Әр баланың өз несібесі болады, сондықтан, Алланың бергеніне шүкіршілік етеміз, – дейді ол.

Жас ана көп жағдайда отбасына келген табысты үнемдеп жұмсауға, жоқты бар жасауға тырысатынын айтады. Ол үшін балаларының амандығы, саулығы бірінші орында. Қазір үлкендері үй шаруасына, тамақ әзірлеуге көмектеседі, ал, кішкентайлар тәтті қылығымен қуантады. «Балалы үй – базар» демекші, Эльмира Ержігітованың шаңырағы қашан да береке мен қуанышқа, сәбилердің шат күлкісіне толы.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.