Бесінші баспана берілді

«Харекет» қайырымдылық қоры осы уақытқа дейін еліміз бойынша 123 мұқтаж жанды пәтермен қамтамасыз етті. 2017 жылы бірінші баспана осы Сәтбаев қаласынан берілген болатын. Ал, қаламыз бойынша бесінші пәтердің кілті қасиетті Құрбан айт мейрамы қарсаңында табысталды.

Пәтерден пәтерге көшіп шаршаған бес баланың анасы Эльмира Ержігітованы «Харекет» қайырымдылық қоры шаттыққа бөледі. Қарапайым намазхан, діндар кісілердің мұрындық болуымен құрылған қор «1000 теңгеге баспана» акциясымен баспана сыйлады. Гурба көшесіндегі отызыншы үйден үш бөлмелі пәтерге қол жеткізген көп балалы ананы Раш қажы Мизамбаева құттықтады.

– Құрбан айт мерекесі аясында бір отбасын қуантуды ұйғардық. Қанатын кеңінен жайған қор 2017 жылы құрылған болатын. Содан бері игі істердің ұйытқысы болып келеді. Халықтың сеніміне, құрметіне бөлендік. 2018 жылы Қазақстан бойынша қайырымдылық ұжымдары арасында өткен байқауда оза шауып, арнайы номинацияға ие болдық. Салиқалы ісі бар Гүлмира Мұқанқызына қала жұрты атынан алғыс айтамыз. Көп іздестіру, саралау нәтижесінде осы отбасына тоқтадық. Енді бұл баспана жалғызбасты ананың балаларын дұрыс тәрбиелеп өсіруіне мүмкіндік туғызады. Берекесін берсін! Игі шараға атсалысқан иманды, қайырымды жандарға Алла Тағала разы болып, екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін! – дей келе, жиналған қауымды ізгі амалдар жасауға шақырды.

Шарада Эльмираның анасы Гүлнара Қабылдашқызы, осы қордан қызы Туғанай пәтерлі болған Мұханбетжан Жаналдинов ақжарма тілегін білдіріп, ақ батасын берді.

Мира ШАХАТ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.