Мәселелер шешімін табады

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы ғимаратында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Төреқожа Тлемісов қоғамдық қабылдау өткізді.

Сол күні қабылдауға жеке бастың мәселелерімен бес адам келді. Қала тұрғыны А.Воробьев өзінің көршілеріне шағымданды. 72 жастағы арызданушы Тәуелсіздік даңғылы 36 үйдің 50 пәтерінде тұрады. 47 пәтерде тұратын көршілері күнде таңғы 5-ке дейін музыка қойып, шулайтын көрінеді. Учаскелік полицияға бірнеше рет барып арыз жазғанымен ешқандай шара қолданбапты. Жасы ұлғайған кісінің шағымын тыңдаған депутат, сол мезетте қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы Ж.Қарабековке тиісті шара қолдану үшін хат жазып жіберді.

Қабылдауға келген «Крылатая гвардия» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Т.Сүлейменовті жастардың спортпен шұғылдануына жағдайдың жоқтығы мазалайды екен. Оның клубындағы 24 бала жұдырықтасу ұрысын үйренгісі келеді, бірақ дайындалуға мүмкіндік жоқ. Жастар спорт сарайының басшылығы рұқсат бермейді.

Осыдан кейін жеке мәселелерімен Б.Искаков пен Б.Кенжетияров деген Өзбекстаннан келген азаматтар кірді. Сәтбаев қаласына отбастарымен көшіп келгендеріне жарты жылдан асыпты, бірақ әлі күнге дейін құжаттарын дұрыстай алмай жүр. Халыққа қызмет көрсету орталығы мен көшіқон полициясының қызметкерлері оларға дұрыс жауап бермей, кемсітетін көрінеді. Қол-аяғы балғадай екі азамат осындай кедергілердің салдарынан жұмысқа тұра алмай, отбастарын асырай алмай отыр. Депутат өз тарапынан бір жетінің көлемінде бұл мәселені шешетіндігіне сенім білдірді.

Тағы бір сұрақ Иманов, Уәлиханов және Молдағұлова көшелерінің тұрғындарынан түсті. Жазғы уақыттағы ауыз су мен суаратын судың жоқ болуына шағымданған олар, бұл мәселемен қалалық әкімшілікке бірнеше рет барғанын, бірақ әлі күнге нәтижесіз екенін айтты. Депутат бұл сұрақты да назарға алды.

– Әрине, бұлардың бәрі бір күнде шешіле қалмайды. Біздің құзырымызға жатпайтыны да бар. Дегенмен, әрбір көтерілген мәселенің оң шешімін табуына мүмкіндігінше ықпал етемін, – деді Төреқожа Тлемісов.

Қабылдау барысында Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Төреқожа Тлемісов әр келушінің мұңмұқтажын ыждахаттылықпен тыңдап, бірқатарының сол мезетте шешілуіне себебін тигізсе, енді бірін өз бақылауына алып, құзырлы органдар мен мекеме басшылығына тапсыратынын жеткізді.

Марал ШАХАЕВА.

Комментарии закрыты.