Жас спортшы – Артем Грязев

Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай, қаламыздағы пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионы Артем Грязевпен кездескен едік.

Жалпы, пауэрлифтинг дегеніміз – күштік үшсайыс (иыққа штанга қойып жүрелеп отыру, көлбеу отырғышта штанганы шалқалап жатып, сығымдап көтеру және штанганы тарту). Осы спорт түрінен секция 2016 жылы қаламыздағы спорттық-сауықтыру кешенінде ашылған еді. Алғашқысында бөлімде 40 адамдай қамтылды. Бұл спорт түріне ұлдар да, қыздар да қатысады. Жаттықтырушы бапкерлері – Юрий Апарин және КСРО спорт шебері Григорий Островский. Бапкерлердің жаттықтыруымен бірнеше рет чемпион атанғандардың бірі – Артем Грязев. Ол – Дубай қаласында өткен Азия чемпионатының екі дүркін күміс чемпионы, төрт дүркін Қазақстан чемпионы.

– Қазір Жезқазған қаласындағы индустриалық-гуманитарлық колледждің дене шынықтыру бөлімінің 4 курсында оқимын. Пауэрлифтингпен 4 жылдай айналысып келемін. Барлық жарыстарда тек жеңіске жетуге тырысамын және осы спорттан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болуды армандаймын. Жақында Қостанай қаласында өтетін жарысқа қызу дайындық үстіндеміз, – дейді жас спортшы.

Спортшыны зілтемірге икемдеп, жеңімпаз етуге тырысқан жаттықтырушы Юрий Апаринның да еңбегі зор. Қазіргі уақытта жаттықтырушының қоластында 60 тәрбиеленуші болса, солардың ішінде 10 – үздік спортшы. Елімізде енді ғана дамып келе жатқан бұл спорттың түрін жас спортшыларымыз игеріп, тек қаламыздың ғана емес, еліміздің де намысын қорғайды деген үміттеміз.

Айдана СӘУЛЕБЕК.

Комментарии закрыты.