Кеншілер демалысы көңілді

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС құрылымдық бөлімшелеріндегі «Еңбек» кәсіподақ ұйымы мен Жастар одағы кеншілердің келе жатқан төл мерекесіне орай түрлі шара ұйымдастыруды әрі қарай жалғастыруда. Өткен аптада Шығыс СарыОба кенішінің өндірісшілері «Кеңгір» көлінің жағалауында демалды.

– Жезқазған аймағының тарихы туралы сөз қозғағанда, Кеңгір су айдынын айналып өту әсте мүмкін емес. Су — өмір нәрі. Өнеркәсіпті шаhарға тіршілік көзін беріп отырған Кеңгір су қоймасының құдіреті күшті, қасиеті зор. Сондықтан, әуелгі айтарымызды өңірімізбен бірге жасасып келе жатқан гидротехникалық кешенді су қоймасынан бастағанды жөн көрдік, – дейді кеніштегі «Еңбек» кәсіподағы және Жастар одағының төрайымы Зәуреш Исмағұлова.

Мысты қаланың әрідегі тарихына көз жүгіртсек, Үлкен Жезқазған өндірісін ашуға байланысты көптеген қиындықтардың қолбайлау болғанын көреміз. Соның ішінде бұл жобаға қарсылық танытқандар екі үлкен айғақты алға тартқан еді. Оның бірі Жезқазғанның орталықтағы теміржол қатынастарынан шалғайда жатқаны болса, екіншісі жартылай шөлейт аймақта өндіріске қажетті судың тапшылығы болатын. «Мұнда кеннің көп қоры жоқ» деушілер де табылды. Соның салдарынан мыс комбинатын салуды ұйғарып отырған Жезқазғанды еліміздің индустрияландыру жоспарына енгізбеу қауіпі туындаған еді. Өңірдің кен қорын мұқият зерттеп, өзінің тұжырымдарын біліктілікпен дәлелдей білген ұлы геолог Қаныш Сәтбаев су мәселесін де жан-жақты ойластырып, кеңінен зерттеген-тін. Ұлытау өңіріндегі Арғанаты тауынан бастау алатын Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзендері Кеңгір атауымен Сарысу алабына дейін келетіні белгілі. Ұзындығы 295 шақырымдай өзеннің қысқа-қысқа сағалары да көп. Кеңгірдің Досмырза сағасынан үлкен бөгет салуға болатынын Қ.Сәтбаев зерделеп, мамандарға есеп-қисабын жасатып қояды. Сөйтіп, су көзінің тапшылығын «көзір» қылып жүрген одақтық комитеттер басшыларының алдында қазақтың аймаңдай ұлы Қаныш Имантайұлы өз ұсынысын дәлелдеп береді. Наушабай сайының аңғарында үлкен бөген салу арқылы қыруар су жинай алатын ауқымды гидротехникалық қойманың жобасы осылайша дүниеге келді.

Айтулы ғалымның «Социалистік Қазақстан» газетіндегі 1938 жылғы 9 қаңтардағы «Үлкен Жезқазған комбинаты» деген мақаласында да су қоймасын салу туралы жобасы тарқатылып айтылады. «Кеңгір өзенінен ұзындығы 750 метр, биіктігі 30 метр плотина, яғни бөгет салынады. Мұның өзі комбинаттың өндірістік жұмысына керекті сумен де, ішуге қажетті сумен де қамтамасыз етеді» деп жазған-тын Қанекең. Кеңгір су қоймасының құрылысы 1940 жылы басталып, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тоқтап қалады. Сұрапыл соғыс жеңіспен аяқталған соң ел есін жиған кезде, 1946 жылы құрылыс жұмыстары қайтадан басталады. Атшаптырым 37,3 шаршы шақырым аймақты алып жатқан су қоймасы мен алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталды. Ал, 1954 жылдың көктемінде оның арнасы кемеріне дейін суға толтырылған күн де тарих шежіресінің бір парағына айналды. Кейіннен 1961-1965 жылдары бөген жүйесі кеңейтіледі. Бүгінде Кеңгір қоймасы 319 млн. текше метр су жинақтап, сыйғыза алады. Орташа тереңдігі – 8,5 метр.

– Кербез Кеңгірдің баяу толқынымен жағасын аймалап жатқанын көру біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін міне, осы демалыс барысында оның тарихымен терең таныстық. Алдағы уақытта су қоймасы талапқа сай таза ұсталса. Халық ауызсуға осы қойманың суын тұтынып отырғанын естен шығаруға болмас. Сусыз өмір жоқ. «Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Ендеше, тіршілік нәрін берген қасиетті Кеңгір су қоймасын бағалап, аялай білейік, – деген алтыншы разрядты аттырушы Жанат Меңдібаев жастарды Отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге шақырды. Жиырма жылға жуық өндірісте тер төгіп келе жатқан майталман маман өз ісінің шебері ретінде ұжым арасында сый мен құрметке ие. Жас мамандарға жетекшілік етіп, үлгі-өнеге көрсетуден жалықпайды.

– «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», – деп айтқан жоқ па Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Туған жерім – аялы алтын бесігім, кіндік қаным тамған жерім. Күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені де, жан-жануарлары да, сайраған құстары да, шалқар көлі де – бәрі де жаныма ерекше жақын. Қандай елде, жерде жүрсеңде жүрек отын жағатын, дүние есігін ашқан жеріңді сүймеу, сағынбау, ойламау мүмкін емес, – дейді өндірісте ерлермен бір сапта еңбек етіп жүргені Анар Шальтикова.

Иә, ұлттық рухқа, елдік мүддеге шақырған шара туған жер топырағының өте қасиетті екендігін тағы бір танытқандай болды. Бұл күні спорттық сайыстарда күш сынасқан сарыобалықтар саяхаттан серпіліп қайтты.

Мейрамгүл АЛПЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.